«Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлінің төрағалығымен Үйлестіру кеңесі өтті.
Жиынға салалық және жергілікті кәсіподақтардың төрағалары мен кәсіподақ активінен бөлек, ағымдағы жылдың 12 сәуірінде Астана қаласында Қазақстанның еңбеккер әйелдерінің «Еңбек саласындағы әйелдер: жаңа шешімдер уақыты» атты I-ші Форумына Түркістан облысынан қатысқан делегаттар Нилуфар Хилветова, Айгуль Сайдуллаева және Алия Киргизбаева арнайы шақыртылды.
Күн тәртібінде келесідей өзекті мәселелер қаралды:1. Елдегі су тасқынына байланысты сұрақтар;2. «Таза Қазақстан» науқанын қолдау мәселесі;3. 12 сәуір күні Астана қаласында өткен Қазақстанның еңбеккер әйелдерінің «Еңбек саласындағы әйелдер: жаңа шешімдер уақыты» атты форумның нәтижелері; Кеңесте күн тәртібінде көрсетілген мәселелер бойынша «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі кеңес мүшелерімен елімізде су тасқынына байланысты орын алған төтенше жағдай туралы сөз қозғап, оның салдарынан зардап шеккен кәсіподақ мүшелерінің отбасыларына, су басқан өңірлердің тұрғындарына кәсіподақтардың жасап жатқан қайырымдылық көмегі туралы айта келе, алдағы уақытта да қолдан келгенше көмек қолын созуға шақырды.
Бұдан басқа, кеңеске қатысушылар Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының мәселесі туралы сөз өрбітті. Ондағы акцияның басты мақсаты – қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру, экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру және нығайту мақсатында құрылған қоғамдық игілікке ұқыптылықпен қарау қағидаттарын қалыптастыру. Осы акцияны қолдау мақсатында кәсіподақ төрағасы Бердіғали Өмірәлі қатысушыларды экологиялық науқанға белсене қатысуға шақырып, кеңес мүшелеріне тиісті тапсырмалар берді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша Бердіғали Өмірәлі кеңес мүшелерін 12 сәуірде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының Халықаралық еңбек ұйымымен бірге ұйымдастырған «Еңбек саласындағы әйелдер: жаңа шешімдер уақыты» тақырыбында Қазақстанның еңбекші әйелдерінің I-ші форумына Түркістан облысынан қатысқан делегаттармен таныстырып, олармен форум нәтижелері туралы сөз өрбітті. Өз кезегінде делегаттар форумда өткен іс-шаралардын маңыздылығын, әлемнің үздік үлгілеріне сүйене отырып, мемлекеттің гендерлік саясатын жетілдіру, қоғамдағы әйел рөлін арттыру, олардың әлеуетін дамыту, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау және жұмыс орнында тиісті жағдай жасау мәселелері бойынша тиімді ұсыныстар талқыланғанын айтты.
Жиын соңында Бердіғали Өмірәлі еңбегімен еленген ару делегаттарымызды аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Алғыс хатымен марапаттап, гүл шоқтарын табыстады.