Бұл мәселе облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен мәжілісте кезекті рет қаралды.
Шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстарын ұйымдастыратын және үйлестіретін штаб құрамы облыс әкімінің өкімімен бекітілді. Фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының жүргізген зерттеулері нәтижесінде ықтимал ошақты аймақтар белгіленіп, 65 секторға бөлінді. Үйірлі шегіртке күбіршелеріне салыстырмалы талдау жүргізілді.
Облыстық аумақтық инспекция басшысы Нұрбол Бекмұратов фитосанитариялық іс-шаралар жүргізу қағидасына енгізілген өзгерістерді баяндады. Қағидаға сәйкес, жер үсті бүріккіштердің күндік нормасы төмендетіліп, жұмылдырылатын техника саны артқан. Қолданылатын химиялық препараттардың тиімділігі 95 пайыз болып бекітілді.
Облыс әкімінің орынбасары жөндеуді қажет ететін техникаларды қалпына келтіру ісін жылдамдатуды тапсырды:
– Талдау нәтижесінен бірқатар ошақта күбіршелердің азайғанын көріп отырмыз. Алайда, бұл жаңа ошақтардың пайда болу ықтималын жоймайды. Дайындық наурыз айына дейін толық пысықталып бітуі қажет. Дәрілердің сапасын жұмыс барысында емес, химиялық өңдеу басталғанға дейін тексеруден өтіп келуін қадағалаңыздар, – деді Нұрбол Тұрашбеков өз сөзінде.
Түркістан облысында 2025 жылы үйірлі шегірткеге қарсы өңдеуге 341 техника, үш мыңға жуық адам жұмылдырылып, 715,3 мың гектар жер өңделген болатын. Биылғы жылы тәжірибе ретінде 8 ауданда 446 ошақты аймақта жер аудару тәсілі қолданысқа енгізілді.
