Түркістан қаласында ХХ ғасырдың бірінші жартысында жұмыс істеп, ел жадында қалған мешіттің бірі – Жәудір ана мешіт-медресесі. Мешіт орны «Әзірет Сұлтан» музей-қорығына қарасты 88,7 гектар тарихи аумаққа жақын орналасқан. ХІХ ғасырдың 40-шы жылдары Түркістан мешітінде сауат ашып, емші атанған Жәудір ананың ғұмыры осы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында өткен екен. Медреседе дәріс беріп, бақ өсірген. Жергілікті елдің есінде «Жәудір мешіті», «Жәудір бағы» болғандығы туралы деректер бар. Бақ өсіріп, дәріс берген ананың өнегелі істері ел жадында қалған екен. Жәудір ана мешіт-медресесінде 2013 жылы музей тарапынан археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде үш бөлмеден тұратын Жәудір мешітінің негізгі құрылымы аршылды. ХХғ. басындағы Түркістан қаласы мен оның маңындағы 62 мешіттің ең көнесі және ең атақтысы – Жәудір ана мешіт-медресесі қарапайым мәхәлләлік мешіттен қарылар дайындайтын оқу орны дәрежесіне дейін көтерілген бірден-бір діни орталық болған. Жәудір ана мешіт- медресесі ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссия отырысының шешімімен Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда ескерткіш толық қалпына келтіру жұмыстарын қажет етеді.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі, Түркістан қаласы.