Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында және Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында су үнемдеу технологиясын енгізу, су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында нақты тапсырмалар берген болатын. Осы тапсырма аясында Түркістан өңірінде ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Бұл мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қатаң бақылауына алынған.
Осы ретте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Жетісай ауданына арнайы іссапармен барып, ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологияларды енгізу мәселелеріне қатысты жиын өткізді. Басқосуға Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандары әкімдерінің ауыл шаруашылығы саласына жауапты орынбасарлары, «ҚазСуШар» РМК Түркістан облыстық филиалының аудандық бөлімшелерінің басшылары, су жеткізуші мекемелердің өкілдері, сондай-ақ, ауыл әкімдері қатысты.
Кездесу барысында ағын суды үнемдеу технологияларын енгізу бағытында аудандарда бекітілген жоспарлардың орындалуы мен суды көп қажет ететін дақыл түрлерін екпеу, суармалы жерлердің өнімділігін арттыру мен мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген жанар жағар майды қажетті мөлшерде уақтылы жеткізіп беру барысы кеңінен қаралды.
Су ресурстарын тиімді пайдалану, заманауи су үнемдеу әдістерін егістік алқаптарында кеңінен қолдану және су тапшылығының алдын алу мәселелері басты назарға алынып, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға талдау жасалды. Ұсыныстар айтылып, қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.
Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы аясында аудандарда жүзеге асырылып жатқан шаралар мен егілетін дақылдардың нақты жоспарлары талқыланды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен көлемін арттыру, егіс құрылымын оңтайландыру және шаруалардың табысын көбейтуге бағытталған жобалардың тиімділігіне ерекше мән берілді.
Басқосу соңында Нұрбол Тұрашбеков жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, белгіленген міндеттердің орындалуы ай сайын тұрақты түрде қаралатынын атап өтті. Анықталған кемшіліктер бойынша тиісті жұмыстарды күшейту қажеттігін ескертіп, қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, өнім көлемі мен сапасын арттыру үшін барлық тарапты бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуда жүйелі жоспарлау мен үйлесімді жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, су ресурстарын ұтымды пайдалану өңірдің тұрақты дамуының басты кепілі екенін айтты.
Айта кетейік, 2025 жылы су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, нақты 59 мың гектар алқапқа егілді. Оның ішінде 53,7 мың гектарға тамшылатып суғару, 6,2 мың гектарға жаңбырлатып суғару технологиялары енгізіліп, жоспар 2 есеге орындалды. Жалпы бүгінгі күнге облыста 114 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілді. Үнемделген су көлемі – 195 млн. м³. Жыл сайын 50 мың гектарға технологияны қосымша ендіру арқылы 2030 жылға қарай 364 мың гектар алқаптан 622,8 млн.м³ су үнемделмек. Cу үнемдеу технологиялары өндірісін дамыту, қолжетімділігін арттыру мақсатында қуаттылығы 163,0 мың гектар (90,0 мың.га жаңбырлатып, 73,0 мың.га тамшылатып) алқапты қамтитын 4 кәсіпорын іске қосылды. 2026 жылға жылдық қуаттылығы 30 мың гектар алқапты құрайтын 2 кәсіпорын іске қосылады.
