Елімізде жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күні атап өтіледі. Қазақ мәдениетінің символына айналған бұл мереке Ұлы дала өркениетінің айшықты белгісі саналады. Ұлтымыз үшін домбыра – музыкалық аспап қана емес, ол халқымыздың жаны мен үні ары мен қасиеті болып қалыптасқан.
Ұлтымыздың руханиятын жаңғыртуда, халықтық дәстүрді қаймағын бұзбай сақтауда «AMANAT» партиясы ұлттық өнер мен дәстүрлі музыканың өріс алуына қолдау көрсетіп келеді. Сөз өнерін бағалайтын көрерменнің ыстық ықыласына бөленген дәстүрлі «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы жыл сайын партиямыздың бастамасымен өткізіледі. Аймақтарда өткізілетін дәстүрлі ақындар айтысы сайыстары да партия белсенділерінің қатысуымен ұйымдастырылып, өткізілуде.
Халықтық руханиятты жаңғыртып, жаңа қырынан танытуда «Ұлттық мұра» партиялық жобасы қолға алынып, оның аясында ұлттық өнерді насихаттайтын, төлтума құндылықтарымызды айшықтайтын өнер байқаулары, фестивальдер, көркемдік іс-шаралар, кездесулер, кітап көрмелері өткізіліп, концерттік бағдарламалар ұсынылуда.
Партияның Түркістан облыстық филиалы тарапынан Ұлттық домбыра күні мерекесіне орай түрлі форматтағы іс-шараларды өткізу жоспарланған. Соның ішінде Мақтаарал ауданында «Домбыра – асыл мұра» концерттік бағдарламасы, Ордабасы ауданында күйші-домбырашылардың қатысуымен «Домбыра үні» мерекелік іс-шарасы, Созақ ауданында «Домбыра – дәстүр мұрасы» кітап көрмесі өткізілетін болады.Мерекелік апта шеңберінде Төлеби ауданында «Күйшілер байқауы» өткізілсе, Сарыағаш ауданында «Күй құдыреті» фестивалі, Арыс қаласында «Dombyra party» шығармашылық кеші, Сауран ауданында «Домбыра күні – ұлттың үні» мерекелік іс-шарасы, Кентау қаласында «Домбыра – ұлттың үні» концерттік бағдарламасы өтеді деп көрсетілген.
Сондай-ақ Бәйдібек ауданында мерекелік кеш, Түлкібас ауданында «Домбыра-дастан» мәдени іс-шарасы, Отырар ауданында «Күмбірле, күміс домбыра!» мерекелік концерті, Шардара ауданында «Домбыра тарту» мәдени іс-шарасы өткізілмек.
Партиямыз ұйытқы болған бұл іс-шаралар ұлтымыздың рухани құндылықтарын жаңа қырынан танытуға ықпал етіп, азаматтық қоғамды ұлттың өнер шеңберінде біріктіруге қызмет етеді деген сенімдеміз.