Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ұласбек Сәдібеков жұмыс сапарымен Кентау қаласына барып, бірқатар маңызды әлеуметтік, білім беру және өндірістік нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.Іссапар аясында Кентау қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Көкенов, “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева және партяиның Кентау қалалық филиалының жетекшісі Мәжіліс депутатына әрбір нысан бойынша кеңінен түсініктеме берді.
Ұласбек Сәдібекұлы сапар барысында ең алдымен Кентау трансформатор зауытына арнайы барып, өндірістік үдеріс барысымен танысты. Депутат кәсіпорындағы техникалық жабдықталу, өнім көлемі мен сұраныс деңгейіне, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына баса назар аударды. Еңбек ұжымымен кездесіп, өндірістің заманауи талаптарға сай дамуына қатысты пікір алмасты.Келесі кезекте депутат «Кентау қаласындағы мамандандырылған “Дарын” мектеп-интернатына» барып, білім беру мекемесінің жағдайын көрді. Мектептің материалдық-техникалық базасын аралап, мектеп ұжымымен еркін форматта сұхбаттасты. Кездесу барысында ұстаздар тарапынан айтылған ұсыныстар мен сұрақтар назарға алынды. Депутат мектеп ғимаратының қазіргі жағдайын ескере отырып, жаңа білім ордасын салу немесе қолданыстағы ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта орталық мемлекеттік органдармен бірлесе отырып нақты шешім қабылданатынын жеткізді.
Сапар аясында Ұласбек Сәдібекұлы қаладағы Уәлиханов көшесінің бойында жаңадан салынып жатқан №154 және №158 мекенжайларындағы үш қабатты, 30 пәтерлі тұрғын үй нысандарына да барды. Құрылыс жұмыстарының сапасы, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі, абаттандыру мәселелері жіті зерделенді. Мердігер ұйым өкілдеріне нысанды белгіленген мерзімде, сапалы аяқтау бойынша нақты ұсыныс-пікірлер мен тапсырмалар берілді.Жалпы, жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаты Кентау қаласының әлеуметтік-экономикалық даму әлеуетін оң бағалап, жүргізіліп жатқан жұмыстардың жүйелі екеніне тоқталды. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуы мен тұрғындар игілігі үшін қолға алынған жобалардың Парламент деңгейінде қолдауға ие болатынын атап өтті. Ұласбек Сәдібекұлы жергілікті атқарушы органдармен және партия құрылымдарымен бірлесе отырып, Кентау қаласын дамыту бағытында нақты ұсыныстарды заңнамалық деңгейде қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Бұл сапар «AMANAT» партиясының елмен етене жақын, халық үніне құлақ асатын, нақты нәтиже беретін саяси құрылым екенін айқындай түседі. Партия ұсынған сайлауалды бағдарламаларды жүзеге асыруда Парламент мүшелері мен жергілікті өкілді органдар арасындағы үйлесімді байланыс бұдан әрі де жалғасын табатын болады.