Қазығұрт ауданындағы «Балауса» халықтық би ансамблінің жас өнерпаздары өз өнерлерімен талайларды тамсандырып келеді. Соның бір дәлелі ретінде жақында Қырғызстан Республикасында өткен «Алтын жұлдыз» халықаралық би байқауын айтуға болады. Бәйгеде аталмыш би ансамблі хореография жанры бойынша Гран-приді жеңіп алып, еліміздің абыройын асқақтатты.
Ұлттық өнерімізді дамытуға үлес қосып келе жатқан «Балауса» халықтық би ансамблінің құрылғанына биыл – 24 жыл. Осы уақыт аралығында ансамбль талай биіктерді бағындырды. Айталық, 2001 жылы Шымкент қаласында өткен аймақтық «Балауса–2001» ән-би байқауында III орын алса, 2004 жылы «Ақ көгершін» облыстық балалар шығармашылығына арналған фестивалінде I дәрежелі дипломмен марапатталды. 2005 жылы «Ең үздік көркемөнерпаздар ұжымы» атанды. 2007 жылы Арыс қаласында өткен «Қоңыраулы қошақан» ән-би байқауында бас жүлдені иеленді. 2009 жылы «Оңтүстік – таланттар мекені» атты облыстық өнер фестивалінде «Ең үздік би ұжымы» атанды. 2018 жылы «Ұлы дала елінің өнерлі де өрлі, талантты ұрпағымыз» атты халықаралық өнер фестивалінде, 2020 жылы «Жас Жұлдыз» республикалық өнер байқауында бас жүлдені жеңіп алған. 2021 жылы «Balausa stars–2022» облыстық би байқауында, «Жас Жұлдыз» республикалық өнер байқауында, облыстық «Бал таңдай» балалар өнер фестивалінде, 2023 жылы халықаралық «Qamajai» фестивалінде де бас жүлде осы би ансамбліне бұйырды.
Елдің қошеметіне бөленген 100-ден астам биші қызға Қазақстан Республикасының құрметті қызметкері Гүлнар Оразова жетекшілік етеді. Бекзат өнерді жанына серік еткен Гүлнар Әріпқызынан тәлім алып, әлемдік сахналарда шеберліктерін шыңдап жүрген жас бишілердің қазақ өнерін жаңа белеске көтеруге қарай басқан қадамдары қуантады. Олардың өнер көгінде әлі талай жарқырай көрінетініне сенім мол.
Д.Еркінбекова, Қазығұрт аудандық орталық кітапханасының кітапханашысы.