Бәйдібек ауданы әкімдігінде 2025 жылы өткізілетін ұлттық ауылшаруашылығы санағына дайындық барысына арналған жұмыс кеңесі өтті.
Жиынды аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Қырғызалиев Бақыт Тұрсынәліұлы жүргізіп, күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге тоқталды.Аталған жиында Бәйдібек аудандық статистика басқармасының басшысы Жақыпбеков Сауран Мұханұлы арнайы баяндама жасап, ауылшаруашылығы санағының маңыздылығы мен оның өткізілу тәртібі жөнінде ақпарат ұсынды.
Баяндама барысында алдағы санақ барысында жиналатын деректердің ауыл шаруашылығы саласының нақты жағдайын бағалауға, мемлекеттік бағдарламаларды жоспарлау мен жүзеге асыруға қажетті негізгі ақпарат көзі болатынын атап өтті. Сонымен қатар, ол дайындық кезеңіндегі жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуы үшін ауылдық округ әкімдері мен жауапты мамандардың белсенді қатысуы қажет екенін жеткізді.
Жиынға ауылдық округ әкімдері, жауапты мамандар мен ауыл шаруашылығы саласына қатысты сала қызметкерлері қатысты. Қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ұйымдастыру-әдістемелік бағытта ұсыныстар берілді.
Жиын қорытындысында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бақыт Тұрсынәліұлы Қырғызалиев тиісті бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне ауылшаруашылығы санағына дайындықты жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен қатар, халықпен түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу қажеттігін ескертті.