Бүгін Сайрам ауданының әкімі Арман Сабитовтың төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте ауданның инфрақұрылымды дамыту және экологиялық қауіпсіздік мәселелері жан-жақты қаралды. Жиынға қатысқан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Т. Керімбеков атқарылып жатқан жұмыстар мен күрмеуі қиын мәселелер жөнінде егжей-тегжейлі баяндама жасады.
Ауданның ең өзекті бағыттарының бірі болып саналатын электр жүйесін жаңғырту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта бірқатар ірі жобалар қолға алынған: жаңа трансформаторлар мен бетон бағаналар орнатылып, ондаған шақырым электр желілері тартылуда. Сонымен бірге, қуаты 1000 МВт болатын электр станциясы мен қосалқы станцияны салу жоспарда бар. Құжаттамалар әзірленіп, тұрғын үйлерді жаңадан тартылған желілерге кезең-кезеңімен қосу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Жиында сондай-ақ, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық жобасының талаптары бойынша аудан аумағында атқарылған іс-шаралар туралы да сөз болды. Биылғы жылы 200-ден астам сенбілік ұйымдастырылып, мыңдаған тұрғындар мен арнайы техника жұмылдырылды. Ағаш отырғызу, көше және су арналарының тазалығы негізгі назарда ұсталып, экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тұрғындардан түскен экологиялық өтініштерге де дер кезінде жауап беріліп, тиісті шаралар қабылданды.
Жиын соңында аудан басшысы Арман Сабитов инфрақұрылымдық жобалардың сапалы әрі уақтылы орындалуын, санитарлық тазалықты қамтамасыз етудегі жұмыстарды үздіксіз жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар, қоғамдық белсенділікті арттыру мен тұрғындар арасында экологиялық тәрбие мен мәдениетті жоғарылату бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін ерекше атап өтті.