«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесі алаңында — Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті республикалық мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін атқарушы Берік Ибадуллаев тұрғындарды қабылдап, өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Партиялық алаңда өткен кездесу барысында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Манат Жадақова партия көмегіне жүгінетін азаматтар арасында еңбек дауларына қатысты сауалдар жиі болып тұратынын атап өтті.
Негізгі бағыты жұмыс берушінің және жұмыскердің еңбек жағдайларын жақсартуға, еңбек заңнамасының сақталуына және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған еңбек инспекциясы комитетінің өңірдегі өкілдігіне өтінішпен келгендердің дені де осынау проблемаларды алға тартты.
Түркістандық Мадина Түгелбай ақылы қоғамдық жұмыс істеп жүріп, бала күтіміне байланысты ақысыз еңбек демалысына шығуға мүмкіндік барма, деген сауалын жолдады. Берік Серікбайұлы заң талаптарына сай ақылы қоғамдық жұмыс істей жүріп, бала күтіміне байланысты демалысқа шыққаны үшін жәрдемақы берілетінін, алайда кейін жұмыс орны сақталмайтынын түсіндірді. Ал студент Жанәділ Әбдіқадырды студенттердің ресми жұмысқа орналасуы, жұмыс істеген күнде зейнеткерлік қорына қаржы аударылу мәселесі, жазғы маусымдағы 3 айлық демалыста ақылы қоғамдық жұмыс істеуге мүмкіндігі барма, деген сұрақтар мазалайды екен. Департамент басшысының міндетін атқарушы студенттердің, жалпы мектеп бітірушілердің де ресми жұмысқа орналасуына толық мүмкіндігі бар екенін, алайда ақылы қоғамдық жұмыс талаптарына сай 6 ай немесе 1 жылға келісім-шартқа отыру қажеттігі болуы мүмкіндігі ескертілді. Бұл туралы толық мағлұматты «Мансап» орталығынан алуға болатынын жеткізді.
Сонымен қатар, қоғамдық қабылдау барысында зейнеткерлік жасқа толған азаматтардың орын босатпай жүруіне қатысты сауал жолдаған азаматқа Еңбек Кодексі талаптарын түсіндіріп берді. Онда «Еңбек кодексінің 33-б. 5- т Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа толған, кәсіби және біліктілік деңгейі жоғары жұмыскермен еңбек шарты оның еңбекке қабілеттілігі ескеріле отырып, осы баптың 1-тармағы 2 тармақшасының төртінші бөлігінде көзделген шектеусіз, жыл сайын ұзартылуы мүмкін», деген жолдары бар.
Қабылдауға онлайн қатысқандардың арасында болған ордабасылық Рамазан Әбдіманап ауылдастарының өтінішін жеткізді. Ауылдағы екі азаматты мектеп шарбағын көтеріп беру үшін жұмыс күшін пайдаланған әлдебір фирма сан соқтырып кеткен. Күндігіне 10 мың теңгеден беремін деп келіскен. Алайда ауызша келісім болғанымен ресми құжаттандырылмаған. Өкінішке орай келісілген қаржының 20 пайызы ғана беріліп, қалғанын сол күйі бермей кетіпті. Енді маңдай тер, адал еңбектің ақысын өндіріп беруді сұрайды. Өкінішке орай құжат жүзінде келісім-шарт жасалмағандықтан бұл мәселемен азаматтық іс негізінде талап арызбен сотқа арыздану арқылы реттеуге болады. Берік Серікбайұлы мәселені бақылауға алып, назарда ұстайтынын жеткізді.
Қоғамдық қабылдау барысында ақысыз демалысқа шығудың тәртібі мен реттілігі және 1 азаматтың екі жұмыс істеуі кезінде екі жақтан зейнетақы қорының түсіп тұруының заңдылығы, іс-сапарға шыққан жұмыскердің іс-сапар шығындарының құжаттандырылуы жайлы да сауалдар қойылды. Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті республикалық мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін атқарушы Берік Ибадуллаев қоғамдық қабылдауға жазылған барлық азаматтың өтінішін мұқият тыңдап, мейлінше заң талаптарын түсіндіре отырып жауап берді.
Келесі жаңалық