Бүгін «AMANAT» партиясы Партиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Майра Айсина Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары барысында облыс орталығындағы Сайлауалды бағдарламадағы Жол картасы аясында бой көтеріп жатқан Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиадалық резерв мектебінің құрылысымен танысты. Партиялық бақылау шарасына партияның өңірлік филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Алмас Салимов және Түркістан қалалық мәслихат депутаттары қатысты.Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 85 пайызы аяқталған нысан құрылысын жүргізуге «Стройсервис – 7» ЖШС-і мердігер болып танылған. Осыдан 3 жыл бұрын іргетасы қаланған ғимараттың жалпы құны 3,1 млрд. теңгені құрайды. Биыл желтоқсан айында пайдалануға берілуі тиіс. Нысанның құрылысына 2021 жылы 218 млн. теңге, 2022 жылы 490 млн.теңге және 2023-2024 жылдары 1,2 млрд . теңгеден қаржы игерілген. Осы тұста айта кететін мәселе, 2021 жылғы жобаға сәйкес, нысанның бастапқы құны 2,1 млрд. тг. құраған және бір жылдан соң, яғни 2022 жылы желтоқсанда пайдалануға берілуі тиіс болатын. Алайда, облыстық бюджеттің мүмкіндігінің жетпеуі себебінен 2021-2022 жылдары нысанға қаржы толық бөлінбеген. Осыған орай, құрылыс материалдарының құны қымбаттауына байланысты 2022 жылы қыркүйек айында жобаға түзетулер енгізіліп, түзетуден кейінгі құны – 3,1 млрд.тг. құрап отыр. Бұл туралы Түркістан қалалық мәслихатының депутаты, партиялық бақылау комиссиясының мүшесі, партиялық бақылау бекетінің жетекшісі Бегахмет Абусейтов мәлімдеді. Партиялық бақылау бекетінің жетекшісі нысанның дәл қазіргі жай-күйін, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.Партиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Майра Арапқызы Түркістан қаласы халқының қарқынды өсіп келе жатқанын және өскелең ұрпаққа мұндай спорт нысандарының өте қажет екенін айта келіп, құрылыстың сапалы, бекітілген стандарттарға сәйкес болуы керектігін ескертті. Сапалы спорттық құрал-жабдықтармен қамтылуын назарда ұстауды сұрады. Облыстық партиялық филиалға құрылысты өндірістік кестеден кешіктірмей мерзімінде тапсырылуын бақылауды күшейту керектігін тапсырды.Айта кетейік, Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиадалық резерв мектебі жертөлесімен қосқанда 3 қабаттан тұрады. Барлығы да спорт кешені талабына сай жабдықталған.
Келесі жаңалық