«AMANAT» партиясының республикалық жастар саяси лагерінің жұмысы жалғасуда. Төлеби ауданының «Тау самалы» демалыс аймағында бас қосқан жастар, таңғы жаттығуды джиу-джитсудан спорт шебері, Азия чемпионы Нұрсұлтан Орынбасаровпен бірге жасады. Тау бөктерінің саф ауасында арайлап атқан таң нұрына шомылып жаттығу жасаған жастардың көңілдері көтеріліп, бойлары сергіді.Түске дейінгі оқу сессиясында саяси лагерьге қатысушыларға елімізге белгілі тележурналист, «SSLab» медиа-мектебінің негізін қалаушы Сәнді Сұлтан «Сізді есту үшін қалай сөйлеу керек?» тақырыбындағы авторлық жобасын таныстырды. Тренинг барысында шешендік өнердің басты ерекшеліктері туралы түсінік беріліп, әдемі сөйлеудің әдебі, ойыңды сауатты жеткізудің артықшылықтары, көпшілік алдында сөз бастау мен жарқын сөйлеу өнері, сұхбат жүргізудің ұтымды әдістері жөнінде көп жылдық еңбектің нәтижесімен келген тәжірибелерімен бөлісті.Сондай-ақ, тренингке қатысқан жастар көпшілік алдында сөз бастауда қобалжуды еңсеру, көпшілік алдына шыққанда қимыл-әрекеттеріңді бақылау, аудиторияның назарын бұрудың тәсілдері, эфирлік немесе іскерлік сөз мәнерін қалыптастыру, сөз бастаудың қиындығын еңсеру, сөйлеу техникасы мен дикцияны жолға қою, дыбыстарды жаттықтырудың әдістері, тағы да басқа адамның жеке дағдыларын қалыптастыру жөнінде білім мен біліктіліктерін арттырды.Медиа білім саласының көрнекті тәлімгерінен шеберлік дәрісін алған тыңдаушылар, ортаға шығып ақын-жазушылардан шығармаларынан үзінді оқыды, өз шығармаларын көпшілікке таныстырды. Жастар пайдалы білім берген, медиа оқудың үздік әдістері жөнінде ой бөліскен Сәнді Сұлтанға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты. Заман талабына сай қоғамдастықпен байланыс орнықтырудың кәсіби дағдыларын қалыптастыруға жәрдемші болатын медиа-мектепте білімдерін жетілдіруге ынталы екендіктерін білдірді.
Келесі жаңалық