Мәдениет

Біртуар режиссер, актер Шәкен Аймановтың туғанына 110 жылдығы аясында ісшара өтті

Қазығұрт аудандық мәдениет сарайына қарасты Көкібел ауылдық мәдениет үйінде қазақтың әйгілі актері, режиссер Шәкен Аймановтың 110 жылдығына арналған «Қазақ киносының жарық жұлдызы» атты тұлға кеші танымал тұлғаларды дәріптеу, Шәкен Аймановтың өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау мақсатында өтті. Іс-шара барысында Ш.Айманов жайлы видеоролик көрсетіліп, “Жиырма бес” әні орындалды. Шәкен Аймановтың режиссерлігімен түсірілген “Тақиялы періште” фильмінен көрермендерге үзінді қойылып, шара соңы үйірме өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Биыл Қазақстан тарихына танымал актер, театр, кинорежиссер және қазақ киносының негізін қалаушылардың бірі  — Шәкен Аймановтың 110 жылдығы атап өтілуде. Шәкен Айманов есімі бәрінен бұрын қазақ киносы тарихында тұңғыш рет ұлттық киноны түсірген адам ретінде және оны барынша биікке көтерген талант ретінде ел жадында мәңгілік сақталған.

Шәкен Аймановтың шығармашылық өмірінің басым бөлігі театрмен байланысты болды. 1933 жылы Алматыдағы Қазақ драма театрына қабылданып, онда бірқатар хрестоматиялық психологиялық бейнені сомдады. Атап айтқанда, Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтотысындағы» Ақан сері, Александр Островскийдің «Грозасындағы» Тихон, Уильям Шекспирдің «Укрощение строптивогосындағы» Петруччио рөлдері еді.

Қазіргі ұрпақ үшін Шәкен Аймановтың таланты кинематография арқылы, өзі жасаған кинобейнелер мен кинофильмдер арқылы сезіледі. Кинода ол 1938 жылы «Амангелді» атты алғашқы қазақ дыбыстық фильмінде ойнай бастады. Бұл фильмде эпизодтық рөл ойнады. 1953 жылы «Жамбыл» фильмінде басты рөлді сомдап, өзін актер ретінде ғана емес, әнші ретінде де көрсете білді.

Киноға келгеннен кейін ондаған рөлді ойнап, «Махаббат туралы аңыз», «Дала қызы», «Біз осында тұрамыз», «Біздің сүйікті дәрігер», «Бір ауданда», «Ән шырқады», «Жол қиылысы», «Алдар көсе», «Атамекен», «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры» фильмдерін түсірген.

Суреткердің кез келген фильмінде өзінің еліне деген сүйіспеншілігі басым. Туған халқының болмысын әрбір фильміне арқау ете білген режиссер, қазақ үшін өте маңызды деген тақырыптарды көтерді.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана сайтындағы «Павлодар облысының 100 тарихи тұлғалары» атты айдарда «Шәкен Айманов: қазақ киносының саңлағы» атты кинорежиссер туралы фильмді көруге болады. Фильмде актердің киноларда сомдаған рөлдері туралы мәліметті оқып, шырқаған әндерін тыңдай аласыз. Сонымен қатар, кітапхананың бірінші қабатында режиссердің «Алдар көсе», «Тақиялы періште», «Земля отцов», «Атаманның ақыры», «Дочь степей», «Наш милый доктор» және т.б. фильмдерін көруге болады.

Кітапхана қорында актердің шығармашылығына арналған кітаптар баршылық. Режиссердің 100 жылдығына арналған «Топжарған» атты кітапта Ш.Айманов жайындағы замандастарының, әріптестерінің мақа-лалары мен естеліктерінде ұлы режиссердің кәсіби шеберлігі, ұйымдастырушылық қабілеті, адами қасиеттері көрініс тауып, шығармашылық зертханасын түсінуге талпыныс жасалған. Кітап Алматы қаласындағы «Раритет» баспасында шығарылған.

Тағы бір өте қызықты, түрлі түсті иллюстрацияланған кітаптардың бірі – «Қазақ тарихындағы ұлы тұлғалар» сериясында шыққан «Шәкен Айманов» атты кітап. Кітапта актердің фильмдерде ойнаған рөлдері туралы әріптес-терінің естеліктері жазылған. Аталған құнды басылымды режиссердің немересі Дина Айманова қолтаңбасын қойып, кітапханаға сыйға тартқан болатын.

Қорда бар тағылымы мол мұра – «Шәкен Айманов» атты кітап-альбом. Аталған кітап-альбомда бала Шәкеннің жас кезінен бастап, жер-жаһанға танылған кемел шағы және осы күнге дейін әр жерде сақталып келген отбасылық, ұжымдық және мемлекеттік орындардан жиналған аса құнды тарихи фотосуреттер топталған. Қазақстанның өнері мен әдебиетіне еңбегі сіңген тұлғалардың, сондай-ақ КСРО және дүние жүзі кино-өнері тарландарының сағы-нышты естеліктері жүрек тебірентеді.

Шәкен Аймановтың 110 жылдығына арналған іс-шаралар жыл басынан аталып өтілуде. Шәкен Аймановтың мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгізілген. Осы орайда С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Ертіс–Баян перзенттері» жобасы аясында ҚазКСР халық әртісі, театр және кино режиссері Ш.Аймановтың 110 жылдығына арналған «Шәкен Айманов – қазақ киносының жарық жұлдызы» әдеби-музыкалық кеш және «Қайталанбас дарын» кітап көрмесі өтеді.

Шын таланттың соңынан мәңгі тозбас рухани қазына — өнер қалған. Ол өз ұрпағының бала-шағасының игілігі емес, бүкіл халқының қазынасы болып қалмақ. Шәкен Айманов та сондай, бала-шағасына емес, халқына мұра қалдыру үшін барын салған азаматтардың бірі еді.

Қатысты жаңалықтар

Қазығұртта «Домбыра-дастан» атты мерекелік шара өтті

azatmedia

Психологиялық тест ойыны: Мінез құлқыңызды тексеріңіз!

azatmedia

В Шымкенте отметили День государственных символов

azatmedia