«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының алаңында өткен қоғамдық қабылдауға Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Джалаиров келіп, тұрғындар көтерген сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі. Партиялық алаңда өткен кездесуді партияның өңірлік филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев ашып, жүргізіп отырды.
Жергілікті уәкілетті атқарушы органның өкіліне тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың барлығы дерлік жол құрылысы саласына қатысты болды. Мейіржан Серікбайұлы облыс тұрғындары қойған әрбір сұраққа тиянақты жауап беріп, көтерілген мәселелерді шешу бағытында қолға алынған жұмыстарды байыпты түрде баяндады.
Қабылдауға Сауран ауданының Ибата елді мекенінен келген тұрғын Маматжан Бабаходжаев ауыл тұрғындарын Түркістан қаласына тікелей жеткізуге мүмкіндік беретін автомобиль жолын салу мәселесін қозғады. Қазір елді мекен тұрғындары Түркістан қаласына жету үшін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі арқылы айналып жүруге мәжбүр болып отырғандарын жеткізді. Басқарма өкілі қазір халықаралық автодәліз учаскесінің Түркістан қаласын айналып өту жобасы жасалып, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне қаржы бөлуге ұсынылғанын айтты. Қызылорда облысына қарай шығатын айналма жолдың құрылысы басталатын болса, Ибата елді мекеніне баратын жолды қосуға мүмкіндік болатынын түсіндірді. Қазір қолданыстағы топырақ жол түскен жер учаскелерінің Бас жоспар бойынша пайдалану мақсаты жол салуға арналмағанын атап өтті. Жолды уақытша пайдалану қолайлы болуы үшін жер бедерін тегістеуге арнайы техниканы жұмылдыру бойынша көмек беруге уәде етті.
Кентау қаласына қарасты Қарнақ елді мекенінің тұрғыны Яхия Юлдашев Кентау-Қарнақ арасындағы жолда жарамсызданған көпірді қалпына келтіру жұмыстары баяу жүріп жатқанын айтып, шағымданды. Облыстық маңызы бар КХ-58 автомобиль жолының 57 шақырымындағы су шаю салдарынан жарамсызданған көпірді қалпына келтіру жұмыстары басқарманың тұрақты бақылауына алынғанын хабарлаған Мейіржан Джалаиров, нысандағы құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес мерзімінде атқарылып жатқанын мәлімдеді. Технологиялық талаптар бойынша бетон құю жұмыстарында белгілі бір уақыт интервалдары сақталуы керектігін түсіндірді. Құйылған бетон колонналар салмағы ауыр бетон плиталарын ұстап тұруға, көпір арқылы өтетін ауыр жүк көліктерінің салмағын көтере алатындай жүктемеде болуы керектігін қамтитын технологиялық шешімдердің іске асуы құрылыста белгілі бір уақытты талап ететінін айтты. Салынған көпірдің пайдалану мерзімі 25-30 жылға жететіндей етіп тұрғызу көзделгенін атап өтіп, жолдағы уақытша қолайсыздыққа тұрғындарды сабырмен қарауға шақырды. Бекітілген өндірістік кесте бойынша қалпына келтірілген көпірді 1 шілдеге дейінгі мерзімде пайдалануға тапсыру жоспарланғанын мәлімдеді.Басқарма өкіліне онлайн режимде хабарласып сауалын жолдаған Түлкібас ауданының тұрғыны Бектұрған Тұрабаевқа облыстық маңызы бар КХ-69 автомобиль жолының Жаңаталап елді мекені тұсындағы бөлігін орташа жөндеу жұмыстары 2025-2026 жылдарға жоспарланғаны түсіндірілді. Ал Төлеби ауданының тұрғыны Джайлабай Байрамов көтерген мәселе бойынша Аққұм мен Көксәйек елді мекендерін байланыстыратын топырақ жолдың орнына заманауи автомобиль жолын салу жұмыстарының жобасы әзірленгені мәлімделді. Жобаны қаржыландыру бойынша бюджеттік өтінім Түркістан облыстық мәслихаттың алдағы сессиясында қарауға ұсынылатынын жеткізді.
Қоғамдық қабылдаудың қорытындысымен сөз алған «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев партиялық алаңға келіп, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдаған Мейіржан Серікбайұлына алғысын білдіріп, өңірімізде жол құрылысы саласындағы ілкімді істер алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенімін білдірді.