«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы бекіткен кестеге сәйкес, азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті қоғамдық қабылдау Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның қатысуымен өтті. Партияның өңірлік филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі ұйымдастырып, өткізген іс-шараға партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев қатысты, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.
Қоғамдық қабылдау https://www.facebook.com/ әлеуметтік желі платформасындағы Qoğamdyq Qabyldaýy Tűrkìstan Oblysy ресми парақшасы арқылы трансляцияланды. Басқарма басшысына тікелей эфирде сауал жолдауға мүмкіндік алған тұрғындар негізінен атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалуы бойынша сұраныстарын жеткізіп, жауап алды. Онлайн форматта сауал жолдаған Келес ауданының тұрғыны Ақмарал Қалыбековаға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша уәкілетті комиссия қабылдаған шешіммен келіспеген жағдайда сот органдарына жүгінуге болатыны түсіндірілді.
Осы ауданнан хабарласқан Луиза Төлеуованың да мәселесі атаулы әлеуметтік көмекпен байланысты сот шешімі болды. Қазір бұл мәселе бойынша сот шығарған шешім аппеляциялық сатыда қайта қаралу үстінде екен. Басқарма басшысы тиісті әлеуметтік көмекті тағайындау жөніндегі нақты әрі тиянақты шешім сот шығарған құжат негізінде ғана мүмкін болатынын түсіндіріп өтті. Басқарма тарапынан азаматшаға алған біліміне сәйкес жұмысқа орналастыруға көмек көрсетілетіні айтылып, басқарма басшысы бұл мәселені жеке бақылауына алды.
Тікелей эфир арқылы Түркістан қаласынан Забира Ашимова хабарласып, 6 баланы жалғыз өзі жетілдіріп отырғанын мәлімдеді. Ең кенже баласы 3 жасқа толғаннан кейін, еңбекке қабілетті азаматша ретінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысудан бас тартқаны үшін атаулы әлеуметтік көмек ала алмай қалғанын жеткізді. Азаматшаға мемлекеттік әлеуметтік көмекті тағайындау жөніндегі заң талаптары түсіндірілді, оларды орындау міндетті екені ескертілді. Егер азаматша өзін-өзі жұмыспен қамтып отырса, оны заңдастыру ұсынылды. Жұмыс орнында міндетті зейнетақы жарналары аударылып, азаматшаның ай сайынғы табысының отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі кедейлік шегінен аспайтын болса, атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға басқарма тарапынан көмек көрсетілетіні жеткізілді.Әлеуметтік желі платформасы арқылы сауал қалдырған тұрғын қоғамдық жұмыс орындары бойынша сұранысын жеткізді. Бұл мәселеге жауап берген басқарма басшысы бюджет есебінен субсидияланатын жұмыс орындарын ішінара мемлекет қаржыландыратын болғандықтан, арнайы тізімі жүргізіліп, бақыланатынын түсіндірді. Аудан, қалалардағы мансап орталықтары арқылы берілген сұраныстар басқарма тарапынан әр айдың басында қаралатынын жеткізді.
Басқарма басшысының қоғамдық қабылдауына келген Түркістан қаласының 72 жастағы тұрғыны Халжан Аширбаева 7 бала асырап отырған қызының қолында тұратынын, 82 мың теңге көлемінде алатын зейнетақысы жетпейтінін айтып, шағымын білдірді. Денсаулығы сыр бергенін жеткізіп, көмек беруін сұрады. Басқарма басшысы кейуананың базынасын мұқият тыңдап, Түркістан қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне әженің қызына атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мүмкіндігін зерделеуді тапсырды. Әжейге тұрмыстағы қиындықтарды еңсерудің жолы ретінде қарияларға арналған медициналық әлеуметтік ұйымға жолдама беруге болатыны айтылды. Партияның өңірлік филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі әжейдің денсаулығына байланысты шағымына Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы көмек көрсететін болды.
Басқарма басшысымен өткен қоғамдық қабылаудың қорытындысын шығарған «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев партия алаңына келіп, азаматтардың әлеуметтік сала бойынша сұраныстарына жауап берген Әсия Құралқызына алғысын білдірді. Әрбір сұраныстың артында адам тағдыры, отбасы бақыты тұрғанын айтып, бүгінгі халықаралық отбасы күніне орай еліміздің әрбір шаңырағына шаттық, бақ-береке тіледі.