Қоғам

 Мұқтажы қайсы, масылы қайсы?!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің  «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет.

Сондықтан, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі.  Алайда, қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез-келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек» деп елімізде әлеуметтік қолдау бағытында көрсетілетін көмектер көбейген сайын «мемлекеттен ала берсем» дейтін тоғышар пиғылдылардың қатары өсіп бара жатқанын қинала жеткізді. Қазіргі уақытта ондай жандар көбейіп, ебін тапқандардың кедейдің асына да көз аларта бастағаны шындық жайт. Бұл сайып келгенде, олардың осындай әрекеттері өз күнін әзер көріп жүрген шын мұқтаждардың әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалдыруына әкеліп соқтырады. Мұның соңы еңбек етуден қашып, масылдыққа бой ұратындардың көбейіп отырғандығымен де қауіпті.

Осыны ескерген ел Президенті де бір сөзінде «Біз мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажырата білуіміз керек. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға қарап, өмір сүруге болмайтынын әр азамат түсінген жөн. Балаларға мемлекеттен берілетін көмекті солардың өздеріне жұмсау қажет» деп атап көрсетіп, жалғыз жәрдемақыға үміт артып отыра берудің жақсылыққа  апарамайтынын естір құлаққа жетесіне жетердей-ақ жеткізді. Шындығында да тек бала ақшасына ғана тамақ асырап отырған отбасылар жетерлік. Жомарт жандардың қайырымдылық көмегін дәметіп әкімшілікті жағалап жүретіндері қаншама?!  Осылай жұмыс жасамай, елден  көмек күтетіндер де көбейіп кетті. Кәсіпкері болсын, қарапайым азаматтар болсын қолында болса көмегін аямас. Қазіргідей қымбатшылық жағдайында кімнің шекесі шылқып жүр дейсің. Тапқан-таянғаны өздерінен артылмайды. Сонда да нәпақаңның шетінен жырып кем-кетік, кембағалдармен бөліскендей боласың. Жеті мүшесі сау, тек жұмыс істеуге ынтасы жоқтарға да қарайласқанда нең қалады?! «Бәленбай бала таптым, мемлекет асырауға міндетті» деп  тепсініп шығатындары тағы бар. Ондай ойдағы апа-сіңлілерімізді көптеп көріп жүрміз. Жоғарыда Мемлекет басшысы айтқан масылдық үрдіс осындайтын қалыптасатыны анық жайт.

Жалпы масылдық сана сан ғасырлардан бері қоғамның өсіп-өркендеуін тежеп келе жатқан дерт екені белгілі. Сол масылдықтың ас­тарлы мағынасына үңілсек, онда белгілі бір қо­ғамдық себептердің бар екеніне көз жет­кізуге болады. Адамның ойы, мінез-құлқы әрдайым өзгеріп отырады. Біреу­дің есе­бінен өмір сүру, ауырдың үс­ті­мен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиын­дыққа төзімсіздік таныту, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жа­ғымсыз әрекеттер қазіргі қоғамның кесірі десек болады. Масылдықты психололг мамандар адамның өз-өзін түсінбеуінен, өзіне беретін бағасының төмен болуынан, рухани жетілмеуінен болады деп жатады. Ал шынтуайтына келетін болсақ, адам еңбек арқылы ғана жетіледі. Шынайы еңбек қана адамды бақытқа жеткізеді деген ойдамын. Демек, адамның бақытты сезінуіне итермелейтін бірден-бір мотмвация – адал еңбек. Данышпан Абай атамыз да «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген жоқ па?! Сол ғұламамыз өзінің әйгілі қара сөздерінің бірінде «Һамма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз, қорқақ, мақтаншақ келеді, әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді, әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» демей ме? Негізінен қазіргі уақытта әрбір жұмыс істеймін деушілерге барлық мүмкіндік бар. Қалаға кетіп айдамалдап істесең де, үйіңнің жанынан біреуге жалдансаң да жанұяңды ешкімге телміртпей-ақ асырар нәпақаңды табуға болатыны кім-кімге де түсінікті. Тек желкеңіз жар берсе жеткілікті. Дегенмен қоғамда көмекке шын мұқтаж жандар да көп, оны жоққа шығармаймын.  Жәрдем сұрағандардың бәрін жалқау, масыл деу де күпірлік болар, бірақ солардың аражігін ажырата білгеніміз абзал.  Мұқтажы қайсы, масылы қайсы?!

Қатысты жаңалықтар

Түркістандықтар ауыр жұмысы үшін әкімдіктен ақша ала алмай жүр

azatmedia

Мұқтаждық па, масылдық па?

azatmedia

КӘСІПОДАҚ МІНБЕРІ: біліктілігі жас ұрпаққа өнеге ұстаз

azatmedia