– Кіші ұлың қайда? – деген сұраққа қарсы тараптағы танысы:
– Үйде. Диплом алып, ауылға келген. Өзіне лайықты жұмыс табылмай жатыр. Бір-екі жерге тұрғызып едік, «ақшасы аз, жүктемесі көп» деп шығып кетті. Сауатты ғой. Оған қоса, мінезі де бар. Енді соны жұмыссыздыққа тіркеп, қайтарымсыз несие алуға жүгіріп жүргенім. Тек жатқанша, ақша тапсын. Қатарынан қалмасын, – дегенін естіп, терең ойға шомдым.
Қоғамдық көліктегі қос кісінің кездейсоқ құлағым шалған сөзі бүгінгі бас аурудың біріне айналған. Сонда «жұмыс тап, тірлігіңді тікте» деп беріліп отырған қамқорлықтың жауапкершілігі жоқ па? Сұрауы болмай ма екен? Мемлекет берген қаржыны қалтаға тоғытып, жалған ақпармен өзінің де, өзгенің де көсегесін көгертпеу кімге керек? Қоғамда етек алған оңай олжа табу туралы түсінік пен масылдықтың соңы неге апарады? Алаң көңіл тақырыпты тарқатты.
Еңбектің есесі, ақылдың ақысы бар
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында: “Қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алды. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатындар аз емес. Ондай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек”, – деп әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатын адамдар барын айтып, масылдықтан арылатын кез келгенін айтқан болатын.
ХХІ ғасыр – ақыл-ой, ұтқыр инновацияның кезеңі. Алайда ғылым мен білім ерінбегенге бұйдасын, жалықпағанға жалын ұстатады емес пе? Жан қиналып, жауырын терлемей, оңай олжамен мол пайдаға қанығу сынды керітартпалық әдетті нарықтық кезең санаға терең ұялатты. Атакәсіп – мал бағуды меңіреулікке, егін егуді ессіздікке балаған буынның ортақ түсінік қалыптастыруына шетелден келген түрлі тренинг те өз ықпалын тигізді. Өткен ғасырдың алғашқы жартысында «Еңбек ет те міндет ет», «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» деген ұстанымды бүгінгі «Ебін тап та, екі аса» деген тәмсіл алмастырған.
Жұмыссыздық жайы туралы айтылғанда «өтпелі экономиканың негізгі көріністері» деп бөліп қаралатын сипат туралы сөз қозғамауға болмайды. Бұған дейін мемлекет мәселесіне баланған жұмысқа тұру, лайықты ақы алу, еңбектің бағалануы аталмыш кезеңде түбегейлі сипатын өзгертті. Ол өз кезегінде санаға салмақ салып, ертеңге деген сенімге селкеу түсірді. Алайда уақыт өте келе тығырықтан шығар жол тапқан кәсіпкер шаруалар жағдайының жақсарғандығы қоғамда бәсекелестіктің туындауына айқын себеп болды.
Бүгінде еңбек рыногына әсер ететін бірқатар факторлар пайда болды. Арзан жұмыс күшін шығынды азайтып, өнімділікті арттыру жолы деп ұғынған тапсырыс берушілер өзге елден заңсыз кірген босқындар, гасторбайтерлердің көбеюіне жағдай туғызды. Бұл жағдай жұмыссыз жастар қатарының артуына да негізгі себеп болып отыр.Қарама қайшылыққа толы
Қазақстандағы салқынын тигізіп отырған қазіргі «сыздауықтың» бірегейі – несие алу. Несие алып, несібесін арттырып, ісін ілгерілеткендерден гөрі, мақсатсыз жұмсағандары басым. Үйлену тойы, қыз ұзату, құмар ойын, жиһаздар алу үшін алынып, соңы дау-жанжалға айналған жайт көптеп кездеседі. Мәселен, қаржылық пирамидалар, белгісіз компанияларға алданып, бастапқы жарна төлеу үшін қарыз алып, сан соғып қалғандар қаншама. «50 берсем, 100 аламын, кемпір берсем, қыз аламын» деп жеңіл ой жетегінде тығырыққа тірелгендер туралы психолог маман Мәншүк Болатбекқызының да айтары бар. «Қазіргі кезде жастардың өмірлік ұстанымдары тұрақсыз. Көбіне «жеңіл табысқа» ұмтылу мен тұтынушылық психологияға бейімділік байқалады. Олар өз кезегінде тұлғалық құндылыққа айналуына қауіп төндіреді», – дейді.
Қазақстанда жинақталған статистикалық мәліметке сүйенсек, елдегі жастардың дені жоғары, арнаулы орта білім алған. Оқымайтын және жұмыс жасамайтын жастар саны жалпы активті бөліктің сегізден бір бөлігін ғана құрайды.
Шет елге шықсам, шалқимын
«Пәлен жерде алтын бар, барсаң, бақыр да жоқ» деген қазақ нақылын ойыңа оралтатын шет ел асып жүрген жастар саны жыл сайын артып келеді.
«Кісінікі – күміс, өзіңдікі қарабайыр» деген тағы бір тәмсілді санаңа қаттайтын бүгінгі буын орта оқуды бітірген соң таным көкжиегін кеңіту мақсатында шекара асуды арман тұтады. Жоғары оқу орнынан соң тәжірибе, біліктілікті арттыру амалымен магистратура, докторантурада білім алу жайы бір басқа. Алайда «шет елге шықсам, шалқимын» деп жұмыс іздеп кететіндер қаншама.
Сандарды сөйлетсек, елдегі 29 жасқа дейінгі жастардың 47 процентінде шетелге құмарлық байқалған.
Кез келген адам жақсы өмір сүріп, сапалы білім алуға ерікті. Десе де олардың жағдайына алаңдау елдік мүдде. Осыдан бірнеше жыл бұрын шалғайдағы жерлестерді қайтару туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәселе көтерген болатын. Алайда одан шыққан нәтиже аз.
Төрт жылдан бері Кореяда жүрген Гүлназым Күнбергеннен қазіргі жағдайы туралы сұрағанымызда, былай деп жауап берді.
– Шет елде, туған-туыс, отбасыңнан жырақта жүру оңай емес. Табиғаты да, танымы да басқа елге сіңісуге біраз уақыт керек болды. Қазақстанды жамандамаймын, дегенмен «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, маған елімізде дипломмен жұмысқа тұру, отбасын асырау, тұрақтылықты қалыптастыру мүмкін болмады. Тәуекел етіп, «тас жұтып», осы байламға келдік. Алайда өкінбеймін. Жағдайымның барлығын жасап алған соң, елге ораламын деген ойдамын. Төрт жылда күйеуім екеуіміз мұнда жүріп, 3 кредиттен құтылдық. Ата-аналарымызға үй салуға көмектестік. Енді өз баспанамыз, балалардың болашағы үшін қаржы жинаудамыз. Бұл жақта әрекет етсең, ақша ала аласың. Осындай мүмкіндік елде болса, ойланбай қазір кетер едім. Тек мұндағы өндіріс орындарында біздегідей құзырлы қадағалау кемшін болғандықтан, көбіне санитарлық жағдайлар сақталмайды. Қауіпті індеттен аман өтіп, туған жермен қауышсақ деп жүрміз, – дейді ол. Айтуынша, Гүлназым сынды заңсыз жұмыс істеп, ауруға шалдыққандарды елге жеткізу оңайға соқпайтын көрінеді. Шет елге байлық, ақшаны көздеп барып, елге орала алмай жүрген қаракөздердің сұрауы бар ма? Обалы кімге?
Қимылдаған құр қалмайды
Жастардың жаңа құндылықтар санатында өз күшіне сеніп, тәуекелді ту етіп, отбасына да, отанға да пайдасын тигізіп отырғандар бар. Мәселен, 15 жасында миллионер атанып, бүгінгідей небәрі отыз жасында алты компанияның тізгінін ұстап отырған Арман Тоқсанбаев туралы қазақстандықтардың бәрі біледі. «Басқаның экономикасына ақша қиғым келмейді» деген пікірдегі жас еліміздегі білім жүйесі өзін қанағаттандырмайтынын да жасырып қалмады. Ол айлық табыс айналымын 5 миллионнан 15 миллионға дейін жеткізуге болатынын өзі бас-аяғы екі-үш айдың ішінде дайындаған жастар ісімен дәлелдеді.
Арман сияқты алты компания басқармаса да, миллиондарды мұрат етіп, қол жеткізген, мұрагер болып отырғандар Қазақстанның түкпір-түкпірінен табылады. Бірі білім-ғылымды дамытса, бірі инновациялық бағыт, келесісі өндірісті өркендетуде. Бірақ олардың саны аз әрі толық қажеттілікті қанағаттандыруға қауқарсыз. Жыл сайын мемлекет берген қайтарымсыз гранттар осы мақсатты көздейді. Тамыр-таныссыз қанат жаю, арманыңды іске асыруға таңдау жасауға билік тарапынан аз мүмкіндік қарастырылып отырған жоқ. Заманның қожасы, болашақтың бұйдасын ұстаушы бұл буынның бүгіннен жауапкершілік жүгін сезінуі ертеңгі дамуға жол ашары сөзсіз.