Мемлекетіміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Отанымызда тұрып жатқан басқа этностар өкілдеріне деген толеранттылық қатынасты қалыптастыру саясатын мақсатты әрі жүйелі түрде жүргізіп келеді. Қазақстанда ұлтаралық диалог пен татулықты сақтаудың жаңа идео-логиялық моделі құрастырылды. Біз бұл идеяны бүкіл елге және барша әлемге насихаттап, оған өз жұртымызды да, әлемдік қоғамдастықты да сендіре білдік. Конституцияда ұлтаралық келісімге нұқсан келтіретін кез келген іс-әрекет «конституциядан тыс» деп танылған. Заңдық және күштік құрылымдар сепаратистердің, террористердің және ұлтшылдардың бас көтерулерінің жолын қатаң кесіп отырды.
Қазақстан Республикасының заңдары қазақстандық азаматтарды шет мемлекеттердің әскери қақтығыстарына жалдамалы жауынгер ретінде қатысуға тыйым салады. Елімізде қоғамның сұранысына, тілегіне жауап бере алатын тіл саясаты жүзеге асырылуда. Атқарушы өкіметтің жергілікті және орталық органдарында түрлі ұлт өкілдері де жұмыс істейтіндей етіп, тиімді ойластырылған кадрлық саясат жүргізіледі. Ең алдыңғы орынға адамның барлық іскерлік қасиеттері қойылып отыр. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Егер де барлық ұлттық мәселелерді біртіндеп және ойластыра отырып, адамдардың сағын сындырмай шешетін болсақ қана, Қазақстан тәуелсіз, мықты, тұтас және бөлінбейтін мемлекет ретінде сақталып қалады», деп тәуелсіздікті ұлтаралық мәселелерді білікті шешу арқылы сақтап қалу ілімін шегелеп бекітті.
1995 жылы біздің Қазақ елі атты ортақ шаңырағымызда бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуге қабілетті Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ассамблея мүшелерінің бастамасымен және мемлекеттің қолдауымен елімізде түрлі этностардың тілдерін оқытып үйрететін ұлттық және жексенбілік мектептер жұмыс істейді. Ұлттық жаңғыру мектептерінде 10-нан астам тілді оқып үйрену бөлімшелері жұмыс атқарып келеді. Еліміздің Үкіметі оларды қамтамасыз ету үшін жыл сайын қаржы бөліп, оларға жергілікті атқарушы орындар да көмек көрсетеді. Олар Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан ұсынылатын гранттар негізінде жұмыс істейді. Сонау бір жылдары БҰҰ экс-Бас хатшысы Кофи Аннан Қазақстанды: «Әлемнің басқа мемлекеттері үшін ұлтаралық келісімнің, тұрақты әрі баянды дамудың үлгісі», деп атаған болатын. Ұлтаралық қатынастардың біздегі тәжірибесіне 2001 жылы Қазақстанға арнайы сапармен келген Рим папасы ІІ Иоанн Павел де жоғары баға берді.
Жуырда ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қордайға арнайы барып, орын алған оқиғаның жай-жапсарымен танысуы – Мемлекет басшының ұлтаралық қарым-қатынас саласына мұқият қарайтынын анық білдіреді. Президент ұлтаралық татулық Қазақстанның өсіп-өркендеуінде аса маңызды фактор екеніне ерекше мән беріп отыр.
Бір шаңырақ астында мемлекет құраушы қазақ ұлтымен бірге түрлі этнос өкілдері татулық пен келісім шеңберінде өмір сүріп келеді. ХІХ-ХХ ғасырлар бедеріндегі Ресейдің еуропалық бөлігінен шаруалардың жаппай қоныс аударуы мен 1936-1944 жылдары тұтастай халықтардың – неміс, корей, поляк, еврей, кавказ ұлыстары мен қалмақ т.б. депортациялануы Ұлы даланы жер шарының алуан түрлі ұлттар мен ұлыстардың берекелі тірлік құрған мекеніне айналдырды. Қазақ жерінде бейбіт өмір сүрудің, өзара сыйластық пен бір-бірін байытудың, «әр алуандықтағы бірлік» қағидатымен өмір сүрудің қайталанбас әрі ерекше дәстүрі қалыптасты. Елдің диаспоралары өзін барлық ағымдағы заңдар мен жалпы қабылданған тәртіп ережелерінің аясында жайлы, мамыражай, қауіпсіз әрі еркін сезінеді. Бір-бірінің әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің үлгілі әрі үздік белгілерін қабылдау, оны сіңіру – азаматтарымыздың өмірлік қағидатына айналды.
Алдынғы жаңалық
Келесі жаңалық