Әрбір несиесі бар қазақстандықтың 300 мың қарызы кешірілгеніне де 3 жылдан асты. Алайда кешегі күнге дейін қоғам белсенділері халық атынан кезекті рет кредитті кешіру туралы талап қойып келді. Анығы, бұған алған қарызды қайтаруға қиналып жүрген немесе шамасы жетпейтін ел азаматтары қол қойған. Бірақ бұл әрекетті көпшілік масылдық деп бағалағанын да айтпай кетуге болмас. Рас, қазақстандық банктердің үстеме проценті негізгі борыштың көлемінен асады. Мұны реттеуді үкімет тезірек қолға алуы тиіс. Десек те, адамның жеке қажеттілігі үшін алынған несиені төлеп беруге ешкім міндетті емес деген моральды қағида болғаны жөн. Қарызды төлеуге шамасы келмегендер мұндай тәуекелге бармауы керек. Ел Президенті жақында осыған байланысты Заңға өзгерістер енгізді.
Қанша қазақ қарыз?Соңғы санақ бойынша Қазақстанда 20 миллионға жуық жан бар. Есте жүрсін, оның 48,71 процентін ер азаматтар құраса, әйелдердің үлесі бірнеше процентке ілгері тұр. Жалпы ұлттың орташа көрсеткіші 32-ге жуықтаған. Адамдардың 34 проценті 17 жасқа дейінгі балалар екенін ескерсек, несие рәсімдей алмайтынын түсінеміз. Бұдан бөлек 11 320 410 адам еңбекке жарамды деп танылған. Бұл санақ аяқталғаннан соң Ақорда жариялаған ақпар.Хош, сол жұрттың банктерге берешегі 11 триллион теңгеден асады. Мұның ішінде ипотекалық қарыз 4 триллион теңгеге жуықтаса, тұтынушыларға берілген несие көлемі шамамен 7 триллион теңге. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Парламент Сенатының жалпы отырысында айтқаны есте. Ал мамыр айында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы еңбекке жарамды жұрттың жартысынан астамының кредиті барын мәлімдеді.– Қазіргі таңда жеке тұлғалар бойынша 6,2 миллион адамның банктерде кредиті бар. Бұдан бөлек, біз соңғы жылдары проблемалық қарыз алушыларды анықтау бойынша үлкен жұмыс жүргіздік. Проблемалық қарыздар банктің балансында да, баланстан тыс та бар. Біздің бағалауымыз бойынша, барлық банк пен микроқаржы ұйымын, банктердің коллекторларға сатқан қарыздарын алғанда, жалпы саны 1,5 миллион қарыз алушының проблемалық кредиті бар», – деді Әбілқасымова.Айтуынша, 430 мыңға жуық проблемалық қарыз алушы банктердің балансында, ал қалғаны микроқаржы ұйымдары мен баланстан тыс есепте тұр. Қаржы нарығын реттеу агенттігі бүкіл банк пен микроқаржы ұйымына, коллекторлық агенттіктерге проблемалық қарыз алушылардың санын азайту бойынша жеке жоспар әзірлеуді тапсырған. Мұның да әсері болуы мүмкін, енді банкке берешегі бар адамдардың несиелі болуы екіталай.Мемлекет басшысы кімдерді меңзеді?Бұған дейін де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев табысы өмір сүру деңгейінің көрсеткішінен аз қазақстандықтарға кредит беруді доғару керегін айтқан болатын. Әсіресе, кешегі үкімет отырысында қызылордалықтардың табыс деңгейі жайында көтерген мәселесі біз қозғап отырған тақырыпқа тікелей қатысты. Дегенмен, тапқан табысы күнкөрісіне жетпесе де, заттай немесе қаржылай қарызға бататындар қарасы қалың. Бір ғана мысал, Қазалы ауданындағы «Мечта» сауда дүкендер желісінің қызметкерлері айлық сауда жоспарын бөліп төлеу науқаны кезінде үш-ақ күнде орындап тастаған. Бұл – құны 100 миллионнан астам тауардың әңгімесі. Яки, үш кімнің ішінде жүздеген қазалылықтар бір ғана дүкенге қарыздар болып шыға келген. Көз алданса сананы сендіреді деп дүниелі болғандар шамасын шамаламай алынған қарыздың артында көптеген қиындық барын білмейді ме деп қаласың. Президенттің мәселеге баса назар аудару себебінің бірі осы болса керек.– Тұтынушылық несиелермен қалыптасқан жағдай одан әрі қайталанбауы тиіс. Ұлттық банк реттеушілік сипаттағы қатаң шаралар қабылдауға, қаржы ұйымдарының жауапкершілігін күшейтуге міндетті. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға одан әрі жағдайдың нашарлануына және қаржылық жағдайды болдырмау үшін қарыз беруге тыйым салу қажет, – деген еді Тоқаев.Ал қаржы институтының мәліметінше, мұның барлығы қазақстандықтардың қарызын азайту мақсатында жасалып отыр.– 2017 және 2018 жылдары кепілсіз тұтыну несиесіндегі қарыз бір жылда 31 және 28 пайыз болды. Ал биылғы көрсеткіште кепілсіз тұтыну несиесі бойынша қарыз небары 8 процент. Сондықтан қазақстандықтардың қарызға батуының алдын алып және тұтыну несиелерін көбейту мақсатында Ұлттық банк қажет шараларды жүзеге асырып жатыр.Осылайша, несиелеу субъектілерінің барлығы бірыңғай ереже бойынша жұмыс істеп, Ұлттық банк барлығы шартта көрсетілгендей орындалуын бақылап отырады. Яғни қарыз алу туралы келісімшарттағы талаптардың орындалуы, несиелеу мөлшерлемесі, несие бюросына қажет мәліметтердің берілуін және тағы басқа ережелердің орындалуын қадағалайды», – делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Банкке бардым, несие алдым…Ендігіде «банкке бардым, несие алдым» деу кез келгеннің бағы емес. Кейде төлем мерзімінен кешігіп қалып, «несие алдым, несіне алдым?» деп те «аһ» ұратын сәттер алыста қалмақ. Себебі кредит рәсімдеудегі талаптың күшейтілуі бұған тосқауыл қояды. Сонымен қарыз кімдерге берілмейді?Біріншіден, тұтынушының ай сайынғы төлемі табысының 50 процентінен көп болуы керек. Бірақ кейбір кезде мұны да елемейтін банктерге талап күшейтілетін болады.– Қазақстандық банктерге борышкердің қарызы табысынан 50 пайыздан асатын жағдайларда кредит рәсімдеуге тыйым салынады. Несие беру кезінде бірінші кезекте басқа да қарыздың болу-болмауын тексеріп, күнкөріс деңгейін кәмелетке толмаған әр балаға шақтап есептеу қажет. Егер де қарыз алушының табысы жеткілікті болса, банк қарыз жүктемесін есептей бастайды. Барлық қарыздың сомасы табыстың 50 пайызынан асып кетпеуі тиіс. Қарыз жүктемесі 50 пайыздан асқан жағдайда банк борышкердің өтінішін қабылдамайды немесе қарыз сомасын азайтуға тура келеді, – дейді Бірінші кредиттік бюроның атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева.Бұдан бөлек, қаржы ұйымдары екі жағдайда сөзге келмей, өтінішті қайтарып тастайды. Оның бірі – несие тарихының бұзылуы. Ай сайынғы төлем жасалмағанына 180 күн өтсе, банк келесіде несие беруден бас тартады. Екіншісі – айлық табыстың аздығы. Мұндайда «үлгілі» қарыз төлеуші болғаныңыз да көмектеспейді.Сондай-ақ, бестен астам қаржы ұйымына бір мезетте сұраныс жасау – сізді «кредит шоппинг» жасаушы немесе алаяқ ретінде танып, банк қарыз беруден бас тартуға әкеледі. Дегенмен әр қаржы ұйымының талабы әртүрлі екенін айтпай кетуге болмайды.Тағы бір маңызды жайт, мәліметтер қоры сұраныс берушінің қашаннан бері тұрақты жұмыста екеніне, ұдайы ақша аударымдарының жасалып тұруына да ерекше мән береді. Егер жарты жыл ішінде сіздің шотыңызға ақша түсіп тұрмаған болса, банктер кредит беруге құлықсыз болады.
Сезімтал скоррингАй сайынғы несие төлемін уақытынан бұрын төлеп келіп, екінші рет қарыз алғысы келгендерге банктің келісім бермегені туралы талай естіп жүрміз. Кейде керісінше, несие тарихы бүлінген адамдардың тағы кредит алғандағы қуанышына да куә болдық. Мұны кредит бюросының барлық банкке біркелкі талап қоя алмайтынынан, қойса да қаржы ұйымдарының ішкі ережелерінің алуандығымен түсіндіруге болады. Бір анығы, банктердің барлығы дерлік, «Кредит скоррингімен» жұмыс істейді. Жатық тілмен айтақ, бұл бағдарлама несие алушының адалдығын болжап, шешіп қабылдайды.Болжам жасау үшін әрине статистика және математикалық нақты есептер жүргізіледі. Жалпы алғанда әдеттері мен дағдылары ұқсас адамдардың қаражатқа деген қарым-қатынасы да ұқсас келеді деседі. Соған қарап банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз алушыларды осындай топтарға біріктіріп, бұрын-соңды сондай кредит алған адамдардың үлгісіне қарап салыстырып, бағалайды. Осылайша скоринг модельдер әзірленеді. Соның көмегімен адамның қаншалықты төлей алатынын не алмайтынын компьютердегі алгоритм шешеді.
Р.ӘБДІҚАЛЫҚ