Қоғам

Масылдық – дамудың тежегіші

Бұл күні қоғамды алаңдатып отырған ең нәзік тақырыптың бірі – патерналистік және масылдық көңіл-күйді азайту. Кез келген мемлекетті алға сүйрейтін, көркейтетін – білімді, білікті, еңбекқор мамандар. Ал жалқаулар мен масылдарға қоғамды алға сүйреу, елдің дамуына үлес қосу деген ұғымдар жат екені анық.

«Қарны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын»,– деп абыз Абай атамыз толғаса, А.Яссауи бабамыз: «Кітабына үңілген бала, егінін егумен айналысқан егінші, қолы істегі тігінші, ас үйде тамақ пісірген әйел жамандық ойлауға уақыт таппайды», – деген екен. Олай болса, жұмысы көп адамның жамандық ойлауға да мұршасы келмейді. Кейбір адамдардың «уақытымды қайтіп өткізерімді білмеймін» деуі де аса қауіпті. Өйткені зерттеушілердің айтуынша, әсіресе жастар арасында түрлі бұзақы топтарға қосылу, нашар қылықтарға үйірсектеу, секталарға қосылу, қылмыс жасау, моральдық азғындықтарға салыну сынды әрекеттер не істерін білмей, бос сандалып жүретіндердің арасында жиі кездеседі екен. Ең өкініштісі, күн өткен сайын бұл қатарды толықтырушылар саны көбейіп келеді. Аталған жайттың Мемлекет басшысын да бейжай қалдырмауы көп жайтты аңғартса керек. Айталық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында бұл мәселеге арнайы тоқталып өтті.
– Қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алды. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатындар аз емес. Ондай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Жалпы көп көзіне көрінбесе де, республикалық және жергілікті бюджет қаржысынан масылдық көңіл-күйді азайтуға аз болса да қаржы бөлінеді. Мемлекет басшысы сынға алып отырған жайт сол қаржының дұрыс игерілмеуінен туындап отыр. Жұмыссыздықты азайту үшін түрлі оқу орындары жеңілдетілген, тіпті бюджеттік бағдарламалар арқылы маман даярлайды, жұмыспен де қамтылады. Бұл істі жүзеге асыру барысында жергілікті әкімдіктің жүктемесі еселеп артады. Мәселен, болжамды түрде мәселенің түйінін тарқатып көрелік. Масылдық көңіл-күйге әсер ету үшін аталған санатқа жататындар жиі шоғырланған аудандардан жұмысты бастаған жөн. Бұл саланы зерттеп жүрген азаматтар мемлекет көмегімен масылдық көңіл-күйді түбегейлі болмаса да, айтарлықтай деңгейде жеңуге болатынын айтады.
Осы орайда Мемлекет басшысы: «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Ал көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, «әлеуметтік жеңілдікке ие болсам» деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс», – деп тиісті тапсырманы жүктеген еді.
Соңғы кездері қит етсе «мемлекет халықтың несиесін төлеп берсін» деп орынсыз бастама көтеріп жүргендер де жетерлік. Бұл жүйенің дұрыс еместігін, ешқашан жекелеген адамдардың алған несиесі, қарызға алған тауарының ақшасы мемлекет есебінен өтелмеуі керектігін сарапшылар мен экономистер қанша рет айтса да, Үкіметтен «қармақ емес, балық сұраған» масылдардың талабы толастар емес. Тіпті наразылық шеруін ұйымдастырып, халықты соған шақырғандардың басты талабы мемлекеттің несиені өтеп беруі екені ақылға сыймайды. Ал олардың ертеңгі күні тағы қарызданып, «тағы төлеп бер» деп шу шығаруы әдетке айналмасына кім кепіл? Қит етсе қарызын өтеп беруді талап етіп, шу шығару бұзық балалардың қоқан- лоқысындай қалыпқа айналып кетпей ме? Сондықтан халықты мұндай жаман әдетке үйретпеудің жолдарын қарастырып, масылдықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар күшеюі тиіс.
«Алма піс, аузыма түс» деп қарап отырмай, мемлекет тарапынан берілетін осындай қолдауды пайдаланып, кәсіп бастап «Супер келіндер» дүкенін ашып отырған қос абысын Ж.Үсенова мен Ә.Әлиасқарованың тірлігі көпке үлгі.
– Біздің әулетіміз салт-дәстүрді қатты ұстанады. Абысыным екеуміз салт-дәстүрден аттаған емеспіз. Күнделікті өмірде ұлттық нақыштағы киімдерді киіп жүрдік. Туған күндерде, мерекелік іс-шараларда да қазақша нақыштағы киімдерді тіктіріп кие бастадық. Елдің барлығы қызыға қарады. Сол кезде маған «Неге біз Қазақстанда тұрып, қазақтың салт-дәстүрін сақтап, өзіміздің ұлттық нақышты дамытпасқа?» деген ой келді. Мұны абысыныма айтып едім, ол бірден келісті. Сөйтіп, ұлттық нақыштағы, денсаулыққа еш зияны жоқ қуыршақтар тігуді қолға алуды жоспарладық. Бұл ойымызға отбасыларымыз да қолдау танытты. Бизнес жоспарымызды әзірлеп, абысыным 1 миллион 275 мың, мен 3 миллион теңге мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грантты жеңіп алдық. Қазіргі таңда дүкенімізде 1 тігінші және абысыным Әсел екеуміз жұмыс істеудеміз. Алдағы уақытта қызметкерлер санын ұлғайтуды да көздеп отырмыз. Көпбалалы аналарға 20, зейнеткерлерге 10 пайыздық жеңілдіктер жасаймыз. Осы орайда еңбек етемін деген жандарға мемлекет әрдайым қолдау көрсетеді. Бастысы – кәсіптің көзін тауып, жалқаулыққа салынбау. Ол үшін табандылық пен төзім керек, – дейді жас кәсіпкер Жансая.
Әрине, жұмыс істеуге ниетті азаматтар ешқашан қолдаусыз қалмайды. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жастардың кәсіпкерлік бастамасын арттыру және қолдау мақсатында шағын несие де берілетін болды. Ауыл шаруашылығы саласында да жастарды қолдаудың тетіктері қарастырылған. Атап айтқанда, облыс әкімінің бастамасымен өңірімізде іске асырылып жатқан пилоттық жоба аясында әр ауданның бір ауылында мал шаруашылығымен айналысамын деген 18-60 жас аралығындағы азаматтарға 2,5 пайызбен жеңілдетілген тәртіпте несие берілуде.

Ж.КӨКСУБАЙҰЛЫ

Қатысты жаңалықтар

Қазығұртта ет экспорттау бағыты қарқынды дамып жатыр

azatmedia

«ЫНТЫМАҚ, БІРЛІК, КЕЛІСІМ – ЕҢ АСЫЛ БАҚЫТ ЕЛ ҮШІН» АТТЫ ЖИЫН ӨТТІ

azatmedia

Жол мәселесі шешімін тауып келеді

azatmedia