Қоғам

Ұрпағымыз саналы да, тәрбиелі болсын десек…

Әрбір ұлттың өзіне тән ерекшелігі, басқалардан бөлек болмысы болатыны белгілі. Ол қасиет ұрпақтан ұрпаққа беріліп, атадан балаға жалғасады. Ұлт тәрбиесінің өзегі – ұлттық құндылықтарға негізделген ұлттық болмыста. Баланың бойында ұлттық болмысты сіңіретін, оның алғашқы ұстазы – ата-анасы, отбасы. Қазақ танымында отбасы иелері – әкесі мен шешесі ең әуелі өз ұлы мен қызының алдында тәрбиелі, өнегелі, көргенді, үлгілі болуға тырысқан. «Ұлдың ұяты – әкеде, қыздың ұяты – шешеде» деген сөз бар. 

Бүгінгі жаһандану заманының балаларын қалай тәрбиелейміз деген сұрақ ата-ананы да, мұғалімдерді де қатты толғандырады, тіпті уайым жегізеді. Бүгінде әсіресе ұлды ұл, қызды қыз етіп тәрбиелеу мәселесі өте өзекті. Баяғыда атам қазақ «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» деуші еді. Бүгінде сол басқа елдердің салттары бізге келіп жетті. Оның жақсы да, жаманы бар. Бірақ оны ажыратып жатқан ешкім жоқ. Гендер пати, «цветная вечеринка», хеллоуин, тортты үрлеп сөндіру – бұлардың барлығы жай еліктеу болып басталып, бүгінде санамызға сіңіп барады. Бай салт-дәстүріміз, рухани құндылығымыз, тамырымыз терең ұлт бола тұра, өз құндылығымыздан, өз болмысымыздан безіндік. 
Әр отбасы – мемлекеттің бір бөлшегі. Отбасындағы келеңсіздіктер мемлекетке де әсер етеді. Отбасы біреудің жеке өмірі сияқты болып көрінгенімен, оның ар жағында тұтастай ұлттың тағдыры жатыр. Бүгінде ажырасу жағынан алдыңғы орынға шықтық. Бұл жақсы нәрсе емес. Отбасының ойран болуы қоғамға опа бермейді. Мұның түп-төркіні материалдық қиындықтар мен мінездің жараспауы емес, оның себебі отбасында берілген тәлім- тәрбиенің кемшіндігінде деп ойлаймын. 
«Отан отбасынан басталады» дейді халқымыз. Бұл яғни, мықты мемлекет мықты отбасылардан құралады дегенді білдіреді. Ұрпақ қамын ойлаған халқымыз бала тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптарға ерекше көңіл бөлген. Ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, адалдық, әділеттілік, мейірімділік сезімдері озық дәстүрлерге жатады. Дағды, әдет-ғұрып деген ұғымдар адамның мінезі мен тіршілігіне байланысты қанға сіңген қылықтарды білдіреді. Ұрпағымызға берген тәлім-тәрбиеміз, өнегеміз – болашаққа салған инвестициямыз, қандай тәлім-тәрбие беріп, қанша күш жұмсаймыз, болашақта соның нәтижесіне ие боламыз дегім келеді. Яғни, ертең қартайғанда немере-шөбере сүйіп, үрім-бұтағыңның қызығын көргің келсе, балаңа өнегелі тәрбие бер, өз ұлтыңның құндылығымен сусындат, өзің өнеге бол. Қазақта «уызына жарыған» деген сөз бар. Жиі ауыра беретін, аурушаң балаларға қатысты «уызына жарымаған» деп жатады. Кейде бір адамның бойынан жаманшылық байқап қалса, бұрында үлкендер «уызына жарымаған, тегінде жоқ» деп жататын. Ауылда «Уызға тойған қозыдай» дегенді де естідік. Тәрбиелі, артық қылығы жоқ, моп-момақан балаларға қарата айтылады. Шопанның қызымын ғой. Бала кезімде кейбір саулық қоздаған соң төлін алмай, жеріп жататын, не қоздай алмай өліп қалатын. Қанша басқа қойға телісе де, кейде қозылар әлсіреп өліп қалатын. Сондайда әкем марқұм «уызға жарымаған, әлсіз ғой» дейтін. Немесе бөтелкемен сүт беріп өсірсең де, еміп өскен марқалардай емес, әлжуаз боп, бойы өспей қалатын. Адам баласы да сол секілді. 
Уыз – босанған әйелдің, жаңа төлдеген малдың алғашқы сүті. Қазақ жаңа туған нәрестені де, жаңа туған төлді де анасының уыз сүтіне жарытып, әбден тойдырып емізген. Өйткені уызға жарымаған сәби де, төл де әлжуаз, аурушаң болады. Сәби дүниеге келгеннен кейінгі екі күннің ішінде анасының уыз сүтінен өзінің барлық өміріне қажетті иммунитетті жинап алады екен. Уызына жарымаған баланың мінез-құлқында психологиялық тұрақсыздық болады. Сондықтан да дана халқымыз «бала тәрбиесі ананың ақ сүтінен басталады» деген.
Ал осы «Уызына жарыған» деген ұғымды рухани тұрғыдан алар болсақ, ананың алғашқы уыз сүтінде үлкен тектілік бар, оны белгілі жазушы, ұлт жанашыры Зейнеп Ахметова апамыз да айтып жүр. Ал «Тектілік» деген бұл біздің сан ғасырдан бері бізге жеткен ұлттық кодымыз. Жаңа босанған келіншектің бойында аналық сезім баласын емізген уақытта пайда болады. Қазақта «Алпыс екі тамыры иіп» деген ұғым бар. Ерекше мейірімді білдіретін ұғым. Жаңа босанған ана баласының бетіне қарап отырып, бар мейірім-шуағын шаша отырып емізген кезде ол уыз сүтпен бірге сәби бойына дариды екен. Бұрында көргенді енелер «балаңның жүзіне мейірлене қарап, іштей жақсы тілек айтып еміз, сонда балаң мейірімге қанып өседі, мейірімге қанып өскен бала сенің де қадіріңді біледі» деп келіндеріне айтып отырады екен. Тіпті мал екеш малдың өзі, емізіп жатқанда төлін жалап, бар аналық мейірімін төгіп емізеді емес пе?! Бүгінде сәбилерін жасанды сүтпен қоректендіретін жас келіндер бұрыннан келе жатқан тәрбиелік мәні бар дүниені ұмытпаса екен дейміз. 
 Осы тұрғыда, бір нәрсені айтып өткім келеді. Омырауында емізулі сәбиі бар жас аналардың бір қолында ұялы телефонмен бірдеңе жазып, көріп отырғанын байқап қаламын. Мұндайда емізіп отырған балаға мейірім көрсетпек түгілі, смартфонның ішіне еніп, өз әлемі өзінде болып отырады. Ана мен баланың арасындағы байланыс, жылы қарым-қатынас туралы бұл жерде не айтасың? Буыны қатпаған балаға ұялы телефонның қаупі бар, оның денсаулығына зиян келуі мүмкін екенін, бүгінде цифрлық аутизм деген дерттің пайда болғанын ұмытпаса екен.
«Уызына жарыған» деген ұғымға рухани тұрғыдан қарасақ, өз ұлтының барлық ұлттық құндылығын бойына сіңіріп, бесік жырын ана тілінде тыңдап өскен ұрпақ ешқашан өз құндылығына өгейлік танытпайды, өзегінен теппейді, өз қағынан жерімейді. Өз ұлтының «уызына жарыған бала» болашақта «малым жанымның, жаным – арымның садағасы» деп, ар-ұятты, обал-сауапты бәрінен биік санайтын, арлы ұрпақ болып өседі. Қазіргі қоғамда болып жатқан жаға ұстатарлық оқиғаларды ұлтымыздың ұлы құндылықтарынан безіп, уызына жарымай қалғандар істейді.
Ежелден әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің ұйытқысы – әйел, ана. Қазіргі қазақ анасы қандай болу керек, жауапкершілігі мен міндеті қандай деген сауал көзіқарақты қауымды алаңдататыны рас. Халқымыз қашан да қызды, әйелді, ананы құрметтеген ұлт. Анасын құрметтеген ұлт туған тілін анасына теңеп «Ана тілім», жерін «Жер-ана», Отанын «Отан ана» дейді. Бар жақсылықты ананың мейіріміне теңеген. 
Әйелдің барлығынан да биік міндеті – ана болу, дүниеге ұрпақ әкелу, отбасының жылуын сақтау. Көне ойшыл, білімпаз Ризауддин Ибн Фаруддиннің «Әйелдері тәрбиелі болған халық – тәрбиелі, әйелдері тәрбиесіз болған халық – тәрбиесіз. Әйелдері үнемшіл, пысық, жігерлі, талапты болса, халқы бай, ал жалқау, салақ болса, халқы пақыр, кедей болады» деген екен. Бүгінгі қоғамда ел ертеңі болар – ұрпақты, мемлекеттің болашақ адам капиталын дүниеге әкеліп, өсіріп тәрбиелейтін әйел, ана тақырыбы өте өзекті. Иә, бүгінгі әйелдер, аналар тек тұрмыста ғана емес, түрлі салада қызмет етіп, еліміздің дамуына өз үлесін қосып отырған ел азаматтары. Жоғарғы мемлекеттік лауазымда, билікте талай қыз-келіншектеріміз қызмет істеп жүр. Ел алдында да, ұрпағы алдында да жауапкершіліктері жетерлік. 
«Адам бойындағы барлық қасиеттер ананың ақ сүтімен жаралған» деп Абай атамыз айтпақшы, ана – бала тәрбиесіндегі ерекше тұлға. Тәрбиенің негізі «ананың әлдиінен» басталады. Тәрбиелі, өнегелі, рухани мәдениеті биік анадан тәрбиесі мен адамгершілік қасиеті жоғары, өнегелі, өресі биік бала өсіп шығады. 
Бірнеше жылдан бері қоғаммен жұмыс істеп келе жатқанымда түйгенім, қоғамда болып жатқан рухани дағдарысты көре отырып, өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі аналарымыздың адамгершілік-өнегелік тәрбиесіне жіті назар аудару қажет екенін айтқым келеді. Мемлекеттің жарқын келешегі үшін, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу үшін аналарымызға рухани білім жетпей жатыр. Жалпы бүгінгі жастарды ата-ана болуға тәрбиелеу керек деп ойлаймын. 
Өмірге қыз болып дүниеге келіп, ана болу бақыты бұйырған соң, әр ана ұрпағын ұлттық тәлім-тәрбиемен сусындатып, ненің жаман, ненің жақсы екенін үйретуі керек. Тәрбиенің бастауы ананың ақ сүтінен, ана әлдиінен, бабалардың қасиетті құндылықтарынан екенін ұмытпауы қажет. «Тәлім – табалдырықтан» демекші, күнделікті өмірдегі игілікті істер де, жаман әдеттер де отбасындағы тәрбиеден туындайды. Тіл де, діл де ананың берекесі мол рухани әлемі мен аялы алақаны арқылы жүрекке жол тауып, санаға сіңеді. 

Т.Шәкен, 
тарихшы, қоғам белсендісі 

Қатысты жаңалықтар

КӘСІПОДАҚ ЖҰМЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

azatmedia

Ерекше білімді қажет ететін балаларға жеке дамыта оқытудың әдіснамалық негіздері

azatmedia

Суда жүзу ережелері мен қауіпсіздік шараларын сақтаған жөн

azatmedia