Көптеген балалар өз әрекеттерінің қауіп төндіретінін, отпен және өртке қауіпті заттарды пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде білімдері жеткіліксіз болып, қауіпті жағдайлардың құрбаны болып жатады. Азаматтық қорғау қызметкерлерінің алдына қойылатын міндеттердің бірі – ол адамдардың өз қауіпсіздігіне деген қарым-қатынасы мен түсінігін өзгерту, ал балалық шақ – төтенше жағдай кезіндегі әрекет ету ережелеріне дағдыланудың ең тиімді шағы.
Балаларға мектептен бөлек үйде де өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріңіздер. Өрт немесе жану белгілері (түтіндеу, жоғары температура, күйік иісі және т.б.) анықталған кезде кез-келген жастағы бала дереу үй-жайдан кетуі тиіс екендігін, сондай-ақ «жасырылғанның бәрі қызық» дегендей, балаға жай «Болмайды!» деп тыйым салғаннан гөрі, сіріңке қорабындағы қауіпті айтып түсіндірген жөн.
Балалардың осы кеңестерді есте сақтауы өте маңызды. Өзіңіз үлгі болып, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға үйретіңіз. Үлкен қамқорлықпен ғана біздің балаларымыздың отпен ойнауынан болатын өрттердің алдын аламыз, өз үйімізді, мүлігімізді және ең қымбаты – балаларымыздың өмірін сақтай аламыз.
Балалардың отпен ойнауынан болатын өртті болдырмау үшін не істеу керек:
– балаларға өрт қауіпсіздігі туралы айтыңыз;
– өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаумен байланысты барлық жағдайларда үлгі болыңыз;
– сіріңкені балалардың қолы жетпейтін жерге қойыңыз;
– балаларға пештерді, газ плиталарын жағуды, электр тұрмыстық құралдарды өз бетімен қосуды тапсырмаңыз;
– балалардың от жақпауын (тұтатпауын) қадағалаңыз;
– балаларды үлкендердің қарауынсыз қалдырмаңыз;
– балаларға қызықты бос уақытты ұйымдастырыңыз.
Жалпы, балалардың дұрыс өсуіне, білім алуына, қамқорлықта болуына, жақсы демалуына, бос уақытын көңілді өткізуіне, қауіпсіздігіне мемлекет тарапынан көптеген істер жасалып жатыр. Жазғы демалыс басталысымен ата-аналар балаларын сауықтыру лагерлеріне жіберіп, уақыттарын барынша пайдалы өткізуіне күш салады. Мемлекет тарапынан да балалардың жазғы демалыс орындарын көбейту көзделіп, оларды жасақтауға көп көңіл бөлінуде. Ал демалыс орнындағы баланың қауіпсіздігі бірінші орында екені сөзсіз. Сондықтан облыс, аудан, ауылдардағы Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты құзырлы мекемелердің мамандары оқу-сауықтыру орталықтарына барып жаз айларындағы қауіпсіздік ережелерін балаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу үстінде. Демалушы балаларға төтенше жағдайлардың алдын алу, суға шомылудағы қауіпсіздік, өрттің қауіптілігі, қатты ыстық күннің қауіптілігі, қиын жағдайдағы алғашқы медициналық көмек көрсетудің тәсілдері жөнінде қызықты сабақтар өткізіліп тұрады.
Өрттің пайда болу себептерінің бірі – балалардың тентектігі, мектепке дейінгі және мектептегі төменгі сынып жасындағы балалардың отпен және өрт қаупі бар заттармен абайсыз болуы. Бұл неліктен болады? Осының жауабы – біз бен сіздің балаларымыздың өрт қауіпсіздігі ережелерін білмеуі.
Үйрету – бұл білімді кеңейту, өрттің туындауының негізгі себептерімен таныстыру, отпен абай болудың қарапайым дағдыларын ұғып алу және өрт болған жағдайда дұрыс қимыл жасау, өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын сақтау. Егер біз балаларымызды өрт қауіпсіздігіне мектептегі төменгі сыныптан бастап үйретпесек, онда өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін білмегендік, қазір де болашақта да өрттің пайда болуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан балаларға отпен ойнау және тентектіктің қаупін, электр тұрмыстық аспаптарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерін үйрету, бастапқы өрт сөндіру құралдарын пайдалануды үйрету қажет. Шағын жалынды сумен, құммен, гүл құмырасындағы топырақпен, кір жуатын ұнтақпен көміп тастау немесе отты матамен жауып сөндіруге болатынын бала білуі тиіс. Бала міндетті түрде «101» және «112» құтқару қызметінің телефонын білуі тиіс.
Ата-аналар балаларға өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін үйретуге іс жүзінде назар аудармайды және өрттің қауіпті екенін түсіндірмегендіктен ата-аналардың «Тентек болма!», «Ұстама!», «Сіріңкемен ойнама!» деген ескерту сөздері нәтиже бермейді. Одан сорақысы, олар балаларға отты қолдану кезіндегі абайсыздық үлгілерін өздері көрсетіп, балаларды қараусыз сіріңкемен оңаша қалдырады. Әдетте, оның салдары қайғылы: не бала өліміне, не мүгедектікке немесе денсаулықтан айырылуға әкеп соғады. Ойланыңыз, осы үшін тәуекелге баруға бола ма? Өз балаңыздың қауіпсіздігі үшін бәрін істедіңіз бе, тағы да ойланыңыз.
Тек өртпен күресетін өрт сөндіруші-құтқарушылар өрттің қалай «аяқ астынан» шығатынын біледі. Шыдауға болмайтын және уландыратын түтін шығуға жол бермей бірнеше секундтың ішінде есінен тандырып тастайды… Адамдар өртке олардың және балаларының басына келмейтін нәрсе ретінде қарайды. Ал ҚР ІІМ ТЖК жыл сайынғы мәліметтерінде балалардың отпен ойнауынан болған өрт жағдайлары тіркеледі. Бұл жағдайда әрқашан да ересектер кінәлі.
Балаларды үйде жалғыз қалдырып, олардың іс-әрекеттері мен ойындарын бақыламайды, сіріңкені тықпайды және ең сорақысы өрт қауіпті жағдай туғызады: ақаулы электр сымдарын, қолдан жасалған тұрмыстық аспаптарды қолданады, газ плиталардың үстінде киімдерді кептіреді және т.б.. Ата-аналар тіпті бірнеше минуттың ішінде орны толмас қайғыға әкеліп соғуы мүмкін екендігін естерінде сақтауы қажет.
Бәрімізде балалар қолдарына кескіш заттарды алмауын қадағалап отырамыз. Бала қолына пышақ алған жағдайда, біз әділ түрде наразылық білдіреміз. Ал бала сіріңке және оттықпен ойнаған жағдайда, оны қолына ойыншық алғандай елемейміз (не істесе сол істесін, тек жыламаса болды дегендей). Бірақ бұл пышақпен ойнаудан гөрі қауіпті. Бала өрттің қауіпті апат екендігін түсінбейді. Бірақ бұл туралы ересектер үнемі естерінде сақтауы керек. Тек қана үлкендер балаға жауапты.
Отты абайсыз қолдану және отпен ойнауынан балалар ауыр күйіктер мен жарақаттар алады, олардың орны өмір бойы жаралар мен тыртықтар болып қалады. Бірақ баланың дене жарақаттары – бұл тек қайғының бір жағы. Ал жағдайдың келесі жағы – бұл психологиялық жарақат. Бала қараусыз қалдырғандықтан және салғырттықтан күйік алуына байланысты ата-анасының жанына ауыр тиеді, өйткені ұлының немесе қызының алдында үнемі кінәлі сезім туындайды. Сондықтан баланы өрт кезінде өзін қалай ұстауға және өртті болдырмауға үйрету өте маңызды.
Балалардың отпен ойнауынан болатын өрттерді болдырмау үшін сіріңкелер мен оттықты балалардың қолдары жетпейтін орындарға қою қажет; балалардың ойындарын бақылаусыз қалдырмауға тырысыңыз; оларды үйде жалғыз қалдырмаңыз; кішкентай жастағы балаларға электр аспаптары мен газ плиталарды қосуға, ал оған қоса жанып жатқан пештер мен қосылып тұрған жылыту құралдарын бақылауға рұқсат бермеңіз.
Тәжірибе көрсеткендей, төтенше жағдайларда балалар шкафтардың ішіне, кереуеттің астына тығылады, өрт сөндірушілер қымбат уақытын есінен танып қалған балаларды іздеп, жоғалтады. Сондықтан ересек адамдар балаларға өрт болған жағдайда тез арада сыртқа шығуға тырысу керек екендігін, сондай-ақ кездескен кез келген ересек адамға өрт туралы айту керектігін түсіндіруі керек.
Құтқару қызметінің телефоны әрине ересектердің есінде. Ал сіздің балаңыз құтқару қызметінің «101» және «112» номерін біле ме? Мүмкін бұл туралы еске салуымыз керек шығар! Егер бала білмесе, міндетті түрде жаттату керек.
Құтқару қызметінің нөмірлері балалардың еріккеннен ойнауы үшін емес, сол туралы әрбір ата-ана өз баласына түсіндіріп айтуы қажет. Балаларға осындай қызық көріп ойнауы кезінде қиындыққа душар болған адамдардың өмірін құтқару үшін қымбат уақыт жоғалатындығын түсіндіру абзал.
Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау жолында қырағылық танытатын құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің жұмысына құрметпен қарауды ерте жастан қалыптастыру қажет.
Балалардың қауіпсіздігі қай жерде болса да маңызды. Сондықтан бүгінгі мақаладағы басты мақсат балалардың қауіпсіздігіне арналмақ. Балардың отпен немесе сумен ойнауының соңы көбінесе өкінішке соқтырады. Көп жағдайда балалар мен жасөспірімдердің отты дұрыс қолданбауы, қауіптілігін ескермеуі апатты жағдайға ұласып жатады. Әсіресе жаз айларындағы ыстық күндері от жағу, жанған отты дұрыс сөндірмеу, жанғыш заттарды бей-беркет қолдану, оларды жану қауіптілігі жоғары жерлерге тастаудың қауіпі зор. Ересек адамдардың көпшілігі бұндай қауіптің алдын алу үшін балаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырғаны жөн. Оларға қандай орында от тұтату, сіріңке сияқты заттарды орынмен қалай қолданып, қалай сөндіру керектігін үйрету керек. Негізінен бұл жауапкершілік ата-аналар мен мұғалімдердің, тәрбиешілердің мойнында. Мектептер мен балабақшаларды өртке қарсы арнайы тәрбие сағаттары өтіп тұрады. Бірақ анда-санда бір өтетін сабақтар балардың ойын қызығына кіріп кеткен кезінде, есінен шығып кетуі мүмкін. Өйткені балалар табиғатынан отқа қызығушылық танытып, оның қауіптілігін толғымен сезіне бермейді. Олар жаз айларында далада достарымен демалып, от жағып ойнауға әуес келеді. Дала мен орманның өртенуі, тұрғын үйлердің, ауылды жерлердегі қора-қопсының өртенуі көбінесе балалардың білместігінен болып жатады. Шаруа адамдардың қысқы мал азығына деп жинаған жем-шөбі өртеніп кетіп, қиын жағдайда қалатын кездері ауыл-аймақта жиі болып тұратыны белгілі. Тіпті баларды үйде қалдырып, сыртынан жауып кетудің салдарынан үйде от тұтанып, сәбилер өрттің құрбаны болған жағдайлар да көптеп кездеседі.
Сондықтан өңірлердегі Төтенше жағдайлар қызметі түрлі түсіндірме қағаздарын таратып, көрнекі жерлерге банерлер іліп, мультфильмдер шығарып қауіп-қатерді тұрғындардың есіне салудың барлық әдістерін жасап, қауіптін алдын алу жұмыстарын үнемі жүргізіп келеді.
Реті келгенде Төтенше жағдайлар қызметі таратып жатқан ескертпелерді оқырман назарына тағы да ұсынып өткен артық болмас.
– үйден шығарда, жұмысқа барарда жас балаларды үлкендердің бақылауынсыз қалдырмаған жөн;
– балаларға өрт болған жағдайда қандай әрекеттер жасау керегін үйретіп жүріңіз;
– өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауда өзіңіз үлгі көрсетіңіз;
– Жанғыш заттарды, сіріңкелерді балалардың қолы жетпейтін жерге қойыңыз;
– жеткіншектерге пеш жағуды, алау жағып ойнауды, газ плиталары мен электр заттарын қосуды жүктемеңіз, үлкендердің бақылауынсыз оларды атқаруға тыйым салыңыз;
– балаларды бос уақыттарын қауіпсіз әрі қызықты өткізуге дағдылаңдырыңыз;
– Өрт немесе түтін исі, қатты ыстық температура, қоңырсық күйіктің исі, жалын белгілері сияқты қауіп сезілсе дереу үйден шығып кету керегін үйретіңіз;
– Өрт немесе кез келген қауіпті жағдай сезілген кезде үлкендерге немесе Төтенше жағдайлар қызметіне «101» немесе «112» нөмірі арқылы хабарласуды үйреткен жөн;
Осындай түсіндіру жұмыстары өз нәтижесін беретіні анық. Оның жарқын мысалдарын көптеп айтып өтуге болады. Қауіпті жағдай туындаған кезде өзін ғана емес өзгелерді де құтқарып ерлік жасаған жеткіншектер де баршылық. Осындай ерлік көрсеткен балалар Төтенше жағдайлар қызметі тарапынан марапатталып отырады.
Сондықтан балаларға қауіпсіздік ережелерін үйрету, төтенше жағдай туындағанда қорықпай, батыл әрекет етуге баулып отыру дұрыс тәрбиелеудің басты нышаны екенін білдірсе керек. Бүгінгі бала – елеміздің ертеңгі иесі. Олар білімді, тәрбиелі, намысты, қайсар, мейірімді, отаншыл болып өссе еліміздің ертеңі де жарқын болары анық.