Қоғам

Әлеуметтік масылдықтан қалай арыламыз?

Қазақстан «Жаңа Қазақстанға» көшкелі ілгері дамуды, өркендеуді, экономиканы жақсартып, нарықты қайта құруды басты бағдарға қойып отыр. Алайда қоғамдағы патерналистік көңіл-күй, тіпті әлеуметтік тәуелділік өткенге қалып қоймады, керісінше, күшейе түсуде.

Әрине, бұл күтпеген жерден пайда болмайды. Елдегі экономикалық жағдайдың нашарлауы  мен халықтың нақты кірісінің төмендеуінен басқа, патерналистік көңіл-күйге саяси, әлеуметтік, мәдени факторлар да әсер етеді.

Соңғы кездері қоғамдағы патерналистік көңіл-күй, тәуелділік, әлеуметтік масылдық туралы және олардың алдын алу шараларын жоғары мінберлерде айтып, билік басындағылар бұл туралы сөз қозғап та жүр. Қазақстанда патерналистік көңіл-күй соншалықты күшті ме? Оларды мемлекеттік саясаттың әлеуметтік құрамдас бөлігін төмендетпей азайту үшін не істеу керек?

БАЛЫҚ БЕРМЕ, ҚАРМАҚ БЕР

Айта кетейік,  «Патернализм» термині латынның paternus сөзінен шыққан, яғни ол «әкелік» дегенді түсіндіреді. Қарапайым тілмен түсіндірер болсақ, бұл ел азаматының өз өмірі үшін жауапкершілік алуға аса құлық танытпай, әл-ауқатының жақсы болуына деген барлық үмітін негізінен мемлекетке артып қоятын көңіл күй ұстанымын білдіреді. Яғни, масылдық сананы жоғары қойып, өзгелерден ала берсем деген ұстанымды ұстанатын қоғам мүшелерін айтуға болады.

Патернализм – жаһандық проблема. Мемлекетке «балаларына» қамқорлық жасауы тиіс «әке» ретіндегі көзқарас тек қазақстандық қоғам үшін таныс емес, бұл тіпті нарықтық экономикасы дамыған елдер де, әсіресе дағдарыстан кейінгі кезеңде кезігеді.

Бұл неліктен қауіпті? Өйткені, патерналистік көңіл-күй барлық салада тоқырауға әкеледі. Бұл жөнінде аргентиналық экономист Мариано Грондона бірнеше пікір білдіреді. Ол нәтижесінде, «патерналистік көңіл-күй қатынастарды дамуға емес, тұрақтылыққа бағытталған мәдениеттің бір бөлігі» ретінде қарастырады. 

Осыдан, біз патернализм азаматтық қоғамның дамуына айтарлықтай кедергі келтіретінін түсіндік. Мемлекет «қамқор әкенің» рөлінде жүріп, масылдыққа бейім адамдар оны пайдалана берсе, алға ілгерілеу мүлде жойылады.Сондай-ақ, олар өздерінің өмірлік қолдауына қамқорлық жасауды тоқтатады. Өз ресурстарын жұмылдыруға, өмірлік басымдықтарды шешуге және жұмысқа тұруға әрекеттенбейді.

«Әлеуметтік масылдықтан қоғамды арылту үшін бюджеттегі шығындарды азайту қажет. Одан бөлек, рухани даму керек. Үнемі танымдық дүниелерді көрсету қажет. Көзбен сақталған ақпарат, миға келіп, әрекетке итермелейді. Қолына балық емес, қармақ беру қажет», – дейді бұл жөнінде экономист Мақсат Халық.

Әрине, қоғамда қолдауды қажет ететін мұқтаж адамдар тобы да бар. Олар шындығында, өмірдің қиын жағдайларына тап болып мүмкіндігі шектелгендер, қарттар, кедейлік шегінен төмен отбасылар. Оларға қолдау көрсету мемлекеттің басты міндеті. Бүгінде түрлі бағдарламалар әзірленіп жатыр.  Тек материалдық қолдау ғана емес, одан бөлек, қоғамға интеграциялану, оқу, өз бетімен ақша табу, қоғамдық өмірге толық қатысу мүмкіндігін арттыруда.

Мысалы, Қазақстанда мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік төлемдерден басқа жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді қамтитын көп деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді. Лайықты қарттықты қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылға дейін «Белсенді ұзақ өмір сүру» қарт азаматтардың жағдайын жақсарту бойынша іс-шаралар жоспарын бекітті. Онда белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу, жасы ұлғайған азаматтармен қамтамасыз ету, арнаулы әлеуметтік қызметтер қамтамасыз етілген. Яғни, медициналық, экономикалық, құқықтық, мәдени қызметтер тегін болуды қарастырған.

Көп балалы, мүгедек балалары бар, аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталған шаралар бар. Сонымен қатар, сарапшылар атаулы әлеуметтік қолдаудың нақты халықтың мемлекет көмегіне мұқтаж санаттары үшін қажет екенін атап өтті. Сондай атаулы шаралардың бірі – атаулы әлеуметтік көмек (АӘК).

2019 жылдың сәуір айынан бастап кедейлік шегін анықтау тәсілі өзгерді: бұрын ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызын құраса, қазір ол 70 пайызға жетті. Осылайша, АӘК алуға болатын отбасылардың тізімі кеңейтілді, ал мұндай көмекке жүгіну тәртібі жеңілдетілді. Әлеуметтік көмек түрлерінің кеңеюімен қатар, тәуелділікке жол бермеу туралы да қарастырылып жатыр.

«Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде», деген болатын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қоғамда мектеп бітіріп алып, қайда барарын білмейтін жастардың артуы да әлеуметтік масылдыққа алып келеді. Олардың дамуына лайық құқықты жүзеге асыру үшін баршаға бірдей алғашқы қадам жасауға жағдай туғызу – мемлекеттің фундаменталды міндеті. Еліміз кедейлікті, кедейлікті, әділетсіздікті түбірімен жоюға, ресурстарды әділ бөлуге, мүмкіндіктер мен құқықтарды жүзеге асыруға, әділ сот төрелігіне теңдей қол жеткізуге, тек қана шын мәнінде мұқтаж жандарға қолайлы жағдай жасауға міндетті.

Қатысты жаңалықтар

Суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік 

azatmedia

«ЖОҒАРЫ ЖЕТІСТІКТЕРГЕ ЖЕТУГЕ КҮШ САЛАМЫЗ»

azatmedia

ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНЫҢ БАСШЫСЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

azatmedia