Қоғам

“Масылдықтан арылу жолы – рухани баю”

Қоғамның қордалы мәселелерінің бірі – патерналистік көңіл- күй мен әлеуметтік масылдықтың әлі де асқынып тұрғаны. Мемлекеттің дамуы білікті, оқыған, саналы мамандарға тікелей байланысты. Ал қоғамды артқа сүйреп, мемлекеттің мойнына отырып алатындар туралы не дейміз? Жалқаулар мен масылдарға не істеуге болады?

“Әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланып кететін азаматтар ел ішінде аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдер сияқты бүкіл қоғам алдында жауап беруі керек. Олар “мемлекеттен ала берсем” деген көзқарас қалыптастырады”, деген еді бір сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Иә, “ауырдың үстімен, жеңілдің астымен” жүретіндер қай қоғамда да кездеседі. Ондайларға мемлекет балық емес, қармақ беріп жатса да, жалынсыз азаматтардың әрекетіне қынжыласың. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, 2022 жылғы IV тоқсанда Қазақстан экономикасының әртүрлі саласында 9 млн адам жұмыспен қамтылған екен. Жұмыссыздық деңгейі 0,1 п.т. төмендеп, 4,8% болған. Ал қазіргі таңда жұмыссыз жүрген азаматтар саны – 456,1 мың адамнан асқан. Бұл көрсеткіш әлі де болсын қоғамды алаңдатпай қоймасы анық.

“Адамды адам еткен – еңбек” демекші, қоғамды да қалыптастыратын еңбек. Мемлекет осыған мән беріп, жұмыссыздықты жою үшін бірнеше бағдарламалар мен маңызды бастамаларды жүзеге асырып келеді. Мәселен, президенттің бастамасы «10 мың халыққа 100 жұмыс орны» жобасын мысалға алуға болады. 2022 жылы жоба аясында 181 мыңға жуық шағын және орта кәсіп орындарға 261 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.  Одан бөлек, 273,5 мыңнан астам адам әртүрлі кәсіпорындар мен ұйымдардағы босаған жұмыс орындарына жұмысқа тұрған. Алайда, бір қынжылтатыны бос жұмыс орындары бола тұра, жұмыс істеуге құлқы жоқ азаматтардың болуы. Олардың аспандағы айды сұрап, жалақысы жоғары жұмысқа орналасқысы-ақ келеді. Ал ондайлар білімді талап ететіні сөзсіз. Өкінішке қарай, еңбектенгісі келмейтіндер, білімге де ұмтылмай жатады.

Өркендеген әленмнің құндылықтары мен мәдени байлығының барлығы адам еңбегінің нәтижесі, сондай-ақ, әлеуметтік жаңғыру да өнімді еңбектің арқасында жүзеге аспақ. Халықтың бәрі адал еңбекке бет бұрып, тынымсыз әрекеттеніп, дамуға ұмтылса, тұрмыс түзеліп, әлеуметтік мәселелер шешіліп, мемлекеттің даму деңгейі артар еді.  Мұндай игілікке бастайтын жол – масылдықтан арылу. 

“Аз жұмыс жасап, көп байлыққа кенелу, жан қинамай, бақытқа бату” сынды ойлардан арылмай, адамзат өмірін жақсарта алмайды. Әлеуметтік жаңғыру бүкіл әлемнің, қоғамның, әрбіз қазақ халқының өміріне шынайы өзгерістер әкелуге ұмтылады. Сағым қуғандай алдамшы елеспен жүрудің күні өткенін, әркім қолынан келетін іспен айналысып, қабілетіне қарай еңбектенсе, ол нәтижесіз болмайтынын қазіргі таңда әр адамның санасына жеткізу өте маңызды.

Белгілі блогер, журналист, экономист Дәулет Мұқаевтың айтуынша, масылдықтан арылу үшін, жастардың мемлекетке мұқтаж болып отырмасы үшін нетворкинг кештерге жиі барып, адамдармен коммуникацияға түскені абзал. Сонда ғана көкжиек кеңейіп, ойлау деңгейі артады.

“Әлеуметтік масылдықтан арылу үшін нетворкинг кештердің пайдасы көп. Кез келген адамдардың жақсы қасиетін ала білуіміз керек. Мүмкін сол адамдардың ішінде үлгі тұтатын азаматтар, соған еліктейтін азаматтар болуы мүмкін. Солармен сөйлесіп, пікір алмасу жастарға оңбағытынберері сөзсіз. Ал әлеуметтік масылдықтан арылу үшін “әрекетке берекет” деген ұранымды қайталап айтқым келеді. Тірі адам тіршілігін жасау керек. Сондықтан тоқтамай алға ұмтылу керек”, дейді Дәулет Мұқаев

Ал танымал әнші Бағлан Әбдірайымов қазіргі жастарға көңілі толатынын жасырмады.

“Қазіргі таңдағы жастардың көбі, менің айналамдағы жастардың бәрі ойы жүйрік. Бізге қарағанда, басқаларға қарағанда заманның ауыр жастары көп. Біздің заманымызда да, бізге де, бізден кейін де ондай жастар болды және бола бермек. Әр кездің өз лидері және кері тартатындары да болады. Жастардың барлығы масыл деп көпке топырақ шаша алмаймыз. Ал ондай масылдықтан арылу жолы – рухани баю”, – деді әнші Бағлан Абдрайымов “Адырна” ұлттық порталына берген жауабында. 

Демек, масылдықтан арылудың бірден-бір жолы – адал еңбек пен білім. Талмай еңбек ететін қоғам рухани кемелденіп, білім жиса өркендей бермегі анық.

Қатысты жаңалықтар

ЖАЗ АЙЛАРЫНДА ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫН ҚАТАҢ САҚТАУ ҚАЖЕТ

azatmedia

Балалар электр жарақаттары және олардың алдын алу

azatmedia

Кәмелетке толмағандардың істері жөнінде

azatmedia