Соңғы жаңалықтар

Масылдық пиғыл

…Әдеттегідей аптаның алғ­ашқы жұмыс күндерінің бірі, таңертеңгілік мезгіл болатын. Ірі мегополис Шым­­қалаға ауылдан келіп, әлде­бір шаруа­ның ыңғайымен кеңсеге шыққан бе­тім еді. Ав­тобус аял­дамасынан түсіп, аяқжолмен асыға басып келе жат­қанмын. Кенет бір бейтаныс жігіт алдымды кес-кестей берді. Бұрын көр­меген адамым, оның үстіне аман­дық-саулық жоқ, бірден «шаруасына» көш­сін:

«Брат (дәл осылай деді), қазақпыз ғой, осы қазір ғана айықтырғыштан шыққан беті­міз. Қысқасы, бас ауырып тұр, шақасын бере сал да, жолың­нан қалмай кете берсең болады».

Дөрекі азаматтың тосын қылығы секем алдырғандай еді. Түріне көз салып, енді ғана байқадым: сақал-шашы өсіп, бет-аузы домбығып ісіп кеткен жанның аузынан шыққан жағымсыз иіс қолқаны қабады. Ойла­нып үлгергенімше болған жоқ, ту сыртымнан тағы да: «Че там?» деген дауыс шықты. Еңгезердей біреу, сірә, әлгінің серігі болса керек, әй-шай жоқ, жақындап келіп: «Не, бірдеңе берді ме?» деді жолдасына сұраулы жүзбен қарап. Анау басын шайқады білем, «Онда анау дүңгіршектен бәліш алып берсін», деді өктем сөйлеп. Болса да асығып тұрған басым «Бөтен емес, қазақтың жігіттері – бауырларым ғой» деген оймен айтқанына көнуден басқа амалым қалмаған. «Бәледен машайық, қашыпты» дегендей, қолындағысын қарбыта асап тұрған «екі дәуден» құтылғанша асықтым…

Мына қырсықты қойсаңыз­шы, өзі асығып келе жатқан мені жолда тағы бір «клиент» тоқтатты. Қайта ынсабы бар жан екен, азын-аулақ тиын-тебен сұрағаны болмаса, жолдан қалдыра қоймады.

Хош деңіз, сонымен бір күн­де екі бірдей келеңсіз жайға тап болған пақырыңыз ұнжыр­ғасы түсіп, ауыр ой арқалап қайтты.

Мүмкін бұл біреулер үшін үйрен­шікті жайт та шығар. Алайда оның осы бастан алдын алмасақ, кейін кеш болады. Мен бұл жерде қайыршыларды айтып отырған жоқпын. Аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетін, еңбекке жарамды, еңгезердей қазақтың кейбір жігіттерінің жұмыс істегісі келмей, оның үстіне, ішкілікке салынып, кө­шеде әркімге қол жайып тұруы – ұят тірлік.

Несін жасырамыз, қазір қоғамы­мызда ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүргісі келетіндердің, оңай олжамен мал таппаққа әуестену­ші­лердің қатары артып бара жатыр. Оған жоғарыда әңгіме еткен масыл­дық пиғылды қосы­ңыз.

Баршаға мәлім, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еңбектің қадір-қасиетін ұғыну, еңбекқорлықтың құндылыққа, ұлт сипатының асыл қасиетіне айналуы қажеттігі жөнінде қадап айтқан болатын. Хакім Абай атамыз да өзінің қарасөзінде еңбектің не екенін, табан ақы, маңдай тердің пайдасын сана­мызға құйып кетті. Соны ұғарға пайым мен парық керек.

К.ӘМЗЕҰЛЫ,

зейнеткер, Түркістан облысы, Созақ ауданы 

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ ҚУАТТЫЛЫҒЫ 36 МВТ ҚОСЫМША СТАНЦИЯ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

azatmedia

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

azatmedia

ШЫМКЕНТТЕ ҮЗДІК ҰЛТТЫҚ КИІМ ҮЛГІЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

azatmedia