Шымкент қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлері жүктіліктің 39 аптасында жатыры жыртылып, ауыр халде перзентханаға түскен ана мен баласын аман алып қалды.
Айжан Абдуллаева 4 маусым күні түнгі сағат 00:05 шамасында ауыр халде жедел жәрдем қызметімен қалалық перинаталдық орталыққа жеткізілген. Көп қан жоғалтқан жүкті әйелдің жатырындағы тыртығы жыртылып, іштегі баласының жүрек соғысы тоқтап түскен. Ана мен баланың өмірін алып қалу үшін орталықтың дәрігерлері шұғыл түрде ота жасап, кесір тілігі арқылы босандырып алды.
Жаңа туған шақалақтың кіндік пульсациясы жоқ, жүрек соғуы баяулап, тыныс алмаған. Балалар дәрігерлері сәбиге шұғыл түрде реанимациялық көмек көрсетіп, ажалдан арашалады. Жеті күндей жасанды тыныс алу аппаратында жатқан сәбидің қазіргі жағдайы жақсы.
Ал ауыр халде перзентханаға түскен анасы 3 күн жансақтау бөлімінде жатты. Білікті дәрігерлер әйелдің жатырын қайта қалпына келтіріп, өміріне төнген қауіптің алдын алды.
«Әйелдің жатыры жыртылып кеткендіктен қанды көп жоғалтқан. Баласы мен анасын аман алып қалу қиын болды. Бірақ бұл күндер артта қалды. Қазір екеуінің де жағдайы жақсы. Ал әйелдің жатырын сақтап қалдық. Мұндай жағдайда туылатын шақалақтар көп жағдайда шетінеп кетеді. Баланың көрер жарығы бар екен. Бұған қоса перинаталдық орталықтағы мамандар жоғары деңгейде көмек көрсетіп, бір емес, екі жанның өмірін сақтап қалды», – деген перинаталдық орталық бас дәрігерінің орынбасары Дәулет Сатов жуық арада перзентханадан шығатынын жеткізді.