Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару қажет. Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек, деп айтып өткен болатын.
Осы орайда, Төлеби ауданында апатты жағдай алдында тұрған екі қабатты 8 үйдің тұрғындарына, яғни 125 отбасыға жаңа үйлер берілетінін хабарлайды, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anuqtimes.kz.Ескі үйлер 1935 жылдары пайдалануға берілген. Бүгінде үйлердің әбден тозығы жеткен. Осы орайда аудан әкімі Төлеген Тұртайұлының тапсырмасымен қысқа мерзімде жаңа үйлердің құрылысын құжаттандыру жұмыстары аяқталды. Бұл ретте, 156 пәтерлі бес қабатты 3 тұрғын үйдің құрылысын бастауға 2023 жылға облыстық бюджеттен қаржы бөлінген.
Бұл баспаналар облыс әкімдігі мен салалық басқармалардың қолдауымен Леңгір қаласының I мөлтек ауданына қарасты Қапал Батыр көшесінің бойынан салынбақ. Құрылыс жұмыстарына қатысты ауқымды жұмыстар 2024 жылы да жалғасады. Алдағы уақытта жаңа пәтерлерді иелеріне тапсыру жұмыстары ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес іске асырылады. Бұл жөнінде пәтер иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Жаңа үйлер бюджет есебінен сыртқы инфрақұрылым жүйелерімен яғни ауыз су, кәріз жүйесі, электр желісі, табиғи газ, автономды жылытумен қамтылады. Жоба іске асқан жағдайда, пәтерлері апатты жағдай алдында тұрған 125 отбасы баспаналы болады.