Соңғы жаңалықтар

Дін және оның классификациясы

Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің бір жолы – халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Тұрғындармен кездесу форматы да әртүрлі болып келетін кезеңдерде біз барлық әлеуметтік топтарды мейілінше қамтып, дұрыс ақпараттармен қамтамасыз етіп келеміз. Осындай ашық форматтағы кездесулерде жастар, жұмысшы қызметкерлер, ауыл тұрғындары тарапынан  түрлі сұрақтар қойылып жатады. Соның бірі халқымыздың санына шаққандағы елімізде тіркелген діни бірлестіктердің көптігі де тілге тиек етіліп жатады. Кейбір тұрғындар әрбір діни бірлестікті жеке-жеке дін деп түсінуінің салдарынан осындай мәселелер ортаға шығып жатады.

Ресми деректерге сәйкес, қазіргі таңда еліміздің аумағында әрекет ететін 18 конфессияға тиесілі 3853 діни бірлестік бар. Діни бірлестік дегеніміз ол дін емес. Әуелі осының ара-жігін ажыратып алсақ. 2011 жылдың қазан айында қабылданған қазіргі қолданыстағы ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 1-бабы, 1-1)-тармақшасына сәйкес «діни бірлестік» ұғымына мынандай анықтама беріледі: «Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өз мүдделерінің ортақтығы негізінде діни қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен біріккен ерікті бірлестігі».

Ал дінге қатысты бірнеше анықтама беруге болады. Дінге теологиялық, философиялық, психологиялық, әлеуметтанулық, моральдық және т.б. тұрғыдан анықтамалар беріледі. Жалпылама айтқанда дін – адам мен мінсіз болмыстың (Алланың, Жаратушының) табиғи байланысы туралы сана. Ал, әрбір адамның санасы әртүрлі болуынан дін туралы түсініктің әралуан болуы заңдылық. Сондықтан да, дін туралы анықтаманың түрлері де көп.

Діндердің классификациясы жайлы түрлі көзқарастар мен теориялар бар.  Дін бойынша жасалған классификацияларда, діннің өзін негізге алып жасалған сұрыптауды жүзеге асырған адамдарда дінді түсінуге тырысулары басым екенін көреміз. Мысалы, өткен ғасырда өзінің әсерін барлық салаларда кеңінен таратқан, дискурс ретінде сезіндірген, позитивистік парадигманы эволюциялық түсінуіне сәйкес діндердің типологиясын құруға тырысылды. Осыған байланысты діндер екі негізгі топқа біріктірілді: «Алғашқы қауымдық» және «дамыған діндер». Діннің артта қалғандығы мен дамығандығы тиісті дінге жататын адамдардың әлеуметтік-мәдени өмірі арқылы анықталды.

Екінші жағынан, діннің өзіне бағытталған классификация да өзгеше болды. Мысалы, әрбір діни қайраткер өзінің сенімдері мен құндылықтарын ортаға қою арқылы дінді классификациялауға тырысты. Осыған байланысты ол өзінің сенімін шынайы және дұрыс дін немесе жалғыз дін, ал басқа сенім жүйелері жалған діндер ретінде анықтады. Діндерің ақиқатты түсіну тұрғысынан жасалған жіктеулер үлкен проблемалар туғызады.

Дінді діни көзқараспен өз ішінен жасаған классификацияларда діннің дұрыс-бұрыстығы немесе хақ-батылдығы көбірек айтылады. Екінші жағынан, діндерді әр түрлі ерекшеліктерін ескере отырып жіктеуге болады, мысалы, уахидің бүкіл әлем үшін келгендігі, Құдай түсінігі, уахи дәстүріне жер беріп бермегендігі, орталық ұғымы мен құндылықтары, тірі дәстүр қатарына кіріп кірместігі немесе географиялық аймақтары сияқты түрлі қырларына орай классификациялау тәсілі де бар.

 Құдайды білу және түсіну тұрғысынан агностикалық және гностикалық діндер, сондай-ақ сенілген тәңірдің әлем және адаммен байланысы тұрғысынан пантеистік, деистік діндер сияқты кейбір жіктеулер зерттелінеді.

Діннің ең алғашқы пайда болған кезеңін алғашқы қауымдық діндер деп атайды. Ондай діндерге тотемизм, шаманизм, анимизм және фетишизм жатады. Қазіргі таңда бұл діндердің қоғам арасында сарқыншақтары сақталғаны болмаса адамдар мұндай діндерді толығымен ұстанбайды.

Дінді таралу кеңістігіне қарай әлемдік және ұлттық діндер деп жіктейді. Әлемдік діндерге буддизм, христиан және ислам жатады. Ал, ұлттық діндерге тек бір ғана ұлт ұстанатын діндерді жатқызамыз. Оларға қытайлық конфуцийшілдік, даоцизм, яһудилердің иудизм, үнділердің индуизм, жапониялық синтоизм секілді діндерін жатқызамыз.

Ал, оны ислам тарихшылары хақ немесе батыл діндер деп бөледі. Хақ дін деп елшілер арқылы жіберілген, киелі жазбалар мен кітаптар түсірілген діндер болса, батыл дін деп адамдар тарапынан ойлап табылған, киелі кітап түсірілмеген, пайғамбар жеткізбеген діндерді атайды.

Мақаланың қорытындысын басқа арнаға бұрғым келеді. Мұндағы айтпағымыз дін қасиетті ұғым. Бірақ сол киелілікті пайдаланып бөлмесек, бөліспесек, адаспасақ және адастырмасақ.

Қорыта айтқанда Ш.Құдайбердіұлының мына бір өлең шумақтары дінді дұрыс түсінуга бастайтындай.

Бұл кездегi дiндердiң бәрi – нашар,

Ешбiрi түзу емес көңiл ашар.

Өңкей алдау, жалғанды дiнiм дейдi,

Тексерсең, ойың түгiл жаның сасар.

Әлемдегi дiндердiң түп мақсұты

Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар:

Құдай – бір, ұждан – дұрыс, қиямет – шын,

Еш дiннiң мақсұты жоқ мұнан асар…

Бір қарағанда адамды діннен сақтандырардай көрінген өлең жолдары діннің ақиқатын таразылауға жол сілтеп тұрғандай.

 М.Халықов, Түркістан қаласы.

Қатысты жаңалықтар

МҰРАТ ӘЙТЕНОВ: ШЫМКЕНТКЕ МЕГАПОЛИС СТАТУСЫН БЕРУ – ҚАЛАНЫҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫН АШТЫ

azatmedia

Банк қызметкерінің саусағын сейф есігі шауып түсірді

azatmedia

Мұғаліміне у берген мектеп түлектерінің әрекеті жұртты шошытты

azatmedia