Исламдағы терминдердің барлығы араб тілінен келді, ал пір сөзінің келген жері парсы сөзі, яғни шал деген сөз екен. Сопылардың пірлері мүриттерін өзіне рухани тұрғыдан толығымен бағындырады. Жылда олар пірге қол тапсыру рәсіміне жиналады сол кезде жиналғандарға пірдің ізбасарлары бірнеше рет арнайы тағамдар дайындап береді, содан кейін мүриттер пірлерін шектен тыс жақсы көріп кетеді, мүриттер (сопылар) Құранның аудармасын және муфтияттың басылымдарын Сүннет кітаптарын оқымайды.
Сопылар мынадай түсiнiктер таратуда «Кім тариқатқа қосылмаса адасады, шайтанның жолына түседі, діннен шығады, пірге қол бермесе болмайды, пірсіздің пірі – шайтан» деген сияқты орынсыз сөздерді айтып, діннен хабарсыз адамдардың зәресін алады.
Діни экстремизмнің сопылық бағытының зардаптарына тоқталсақ. Тамағынан жараланған 33 жасар жігітті Алматы қалалық 12-аурухананың алдына белгісіз біреулер тастап кеткен. Қансыраған жігітке дәрігерлер шұғыл көмек көрсетіп аман алып қалды. Кейін белгілі болғандай, Оңтүстік Қазақстаннан діни білім алуға келген ол жігіт 9 айдан бері Алматыдағы «Мамыр» ықшам ауданындағы Шәкәрім атындағы медреседе қамауда болған. Жаралы жігіттің айтуынша, бұл медреседе атышулы Исматулла Максұмның шәкірттері дәріс берген. Алғашында өз еркімен келген әлгі жігіт соңынан медресе ұнамай кетпекке ниеттенген. Бірақ медреседегілер оны қараңғы бөлмеге қамап, шынжырмен кісендеп тастап, ұрған, зәбір көрсеткен. Зікір салуға мәжбүрлеп, тәулігіне небары үш сағат тынықтырған. Мұндай қорлыққа шыдай алмаған ол өзін-өзі өлтірмек болып, тамағын пышақпен кеспек болған.
Бұл оқиғадан соң іле-шала құқық қорғау органдары Шәкәрім атындағы медресеге барып 40 адамды ұстаған. Исматулланың зікіршілері туралы көптен бері айтылып келді. Бұл сектаның қауіптілігі назарға алынып, сотпен тиым салынды.
Былайғы жұрт оларды «иассауишілдер», «зікіршілер» немесе «сопылар» деп атайды. Қожа Ахмет Иасауи хикметтерін қасиетті Құранмен қатар ұстайды. Зікір салуды мұсылманның бес парызынан жоғары қояды. Пірлері – Пәкістаннан келген Исматулла болған. Сопылар өздерін «жамағат» деп, басқаларды «жамағат емес» деп бөліп қарады. Тіпті иассауишілдердің өздерін «Мәдінің сарбазымыз» деп, ақырет күнін жақындатуы да діни экстремизмге бейімдігін аңғартқан. Дінтанушылардың пікірінше, жұрттың мұндай топтарға еруінің екі себебі бар, бірі – діни сауатсыздық, адасушылық. Екіншісі, бұл материалдық байлық, ақшаға қызығу немесе қызмет, жұмыс, тағы басқалары.
Ұ.Маймақова.