Дәстүрлі Исламның суниттік ағымындағы ханафи мазхабы мен орыс православиесінің мәдениет құраушы ролі басқаларынан гөрі көбірек мойындалады. Осы себепті оларды мемлекеттің конфессиялық саясатының екі қанаты деп белгілеуге болады. Бұл мұсылмандар мен православие сеніміндегілерді басшылық атынан құттықтау дәстүрге айналған Құрбан айттың 1-күні мен Рождество мерекесін ҚР Президентінің демалыс күндері деп жариялауында айқын көрінді.
Жалпы алғанда Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясаты құқықтық ұстанымдарға негізделген.
Барлық діндер мен діни бірлестіктер заң алдында тең дәрежеде, заңнама олар үшін бірдей құқықтар мен міндеттіліктер бекітеді. Сонымен қатар, діни бірлестіктер қандай да бір мемлекеттік функцияларды атқармайды және мемлекет те егер заңға қайшы келмесе, діни бірлестіктердің жұмыстарына араласпайды. Діни бірлестіктер мемлекеттік билік пен басқару органдарының сайлауларына қатыспайды. Діни сипаттағы партиялар мен басқа да саяси құрылымдардың құрылуына, сондай-ақ діни бірлестіктердің саяси партиялар жұмысына араласуына немесе оларға қаржылық қолдау көрсетуіне жол берілмейді. Мемлекет дінді ұстанушы азаматтар мен дінді ұстанбайтын азаматтар арасында, сондай-ақ түрлі діни бірлестіктер арасында өзара төзімділік пен сыйластық қарым-қатынастарын орнатуға бағытталған белсенді саясат жүргізеді.
Мақсаттары мен әрекеттері мемлекетте бір діннің үстем болуын орнықтыруға, діни араздық пен алауыздықты өршітуге, соның ішінде діни зорлықшылдық пен зорлық-зомбылыққа шақыратын істерге бағытталған діни бірлестіктердің құрылуы мен жұмыс жасауына тиым салынады. Діни экстремизмді насихаттауға, сондай-ақ конфессиялар арасындағы айырмашылықтарды саяси мақсаттарда қолдануға бағытталған әрекеттерге рұқсат берілмейді.
Сонымен бірге, мемлекеттің мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастар саласындағы саясатында басты артықшылықтар ең алдымен Қазақстан Ата заңы кепілдік беретін әрбір адам мен азаматтың ар-ұждан бостандығы және еліміздің ұлттық заңнамасы мен халықаралық міндеттіліктерінен туындайтын дін ұстану еркіндігі болып табылады.
Ұ.Маймақова.