Әлем болып терроризм мен экстремизмге қарсы күрескен сайын оның жаңа әдістері пайда болуда. Мәселен, бұрын террорлық жарылыстарды арнайы топтар ұйымдастырса, бүгінде ұлттық санаға кері әсер ету әдістерін пайдалануда. Бұл ретте еліміз қауіп-қатерлердің алдын алу мақсатында барлық шараларды жүргізуде.
Жалпы, жат дінге өтіп кетудің түрлі жолдары бар. Оның бірі, жастар мен тәжірибесі жоқ азаматтардың басым бөлігі әлеуметтік желі арқылы таратылатын жалған насихаттарға еріп кетуі.
Радикалдық діни ағымдардың ұстанушылары өз идеяларын біздің ұлттық мәдениетімізден, рухани дәстүрлеріміз бен құндылықтарымыздан жоғары қояды және діни талаптармен өмір сүретін мемлекетті қоғамдық құрылыстың «ең дұрыс жүйесі» деп есептейді.
Ал мұндай шетін идеялардың біздің мемлекетімізге және сан ғасырлық тарихымыз бен мәдениетімізге қайшы келетіні айтпаса да түсінікті. Жалпы, зайырлы мемлекет болып табылатын біздің елімізде қандай да бір ресми немесе міндетті дін жоқ. Керісінше, зайырлы мемлекетте діннің дамуына және азаматтардың діни сенім бостандығына кең мүмкіндіктер беріледі.
Осы орайда, біздің елімізде әлеуметтік қатынастар, соның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, отбасы және неке институттары діни нормалармен емес, зайырлы заңнамалармен реттеледі. Дін бұл салаларға араласа алмайды және араласпауы тиіс.
Жалпы, сәлафилерге ғана емес, барлық радикалдарға тән бір ерекшелік – олар өздерінің жалпы сауаттарының және зияткерлік деңгейлерінің төмендігінен рухани құндылықтарды емес, керісінше, адам мен қоғамның тұрмыс-тіршілігін, жүріс-тұрысын, киім киісі мен басқа да сыртқы көріністерін реттейтін хадистерді дәл сол күйінде сөзбе-сөз түсінеді және сол талаптарды толықтай орындауға тырысады. Осындай келеңсіз мәселелер еліміздің дамуының зайырлы қағидатын ілгерілетуге және зайырлы өмір сүру құндылықтарын кеңінен насихаттауға бағытталған жұмыстарды күшейте түсуді қажет етеді.
Сондықтан еліміздің діндар азаматтары, ең біріншіден, өз елінің патриоттары болуы тиіс. Олар жақсы білім алып, адал еңбек етуді, өздерін үнемі жетілдіріп отыруды, заң талаптарын сақтауды басшылыққа алулары керек.
Ұ.Маймақова.