Белгілі дінтанушылардың ақпаратына сүйенсек, кез келген мемлекет өзінің дін саласындағы саясатын тарихи, мәдени, экономикалық және басқа да факторларын ескере отырып белгілейді. Мемлекеттік саясатты орнықтырудың нысандары – белгілі бір діндерге мемлекеттік мәртебе беру түрі, белгілі бір конфессиялармен келіссөздер жасау түрі, діни бірлестіктердің мәртебесіне байланысты заңнамада арнайы нормалардың бекітілуінен бастап, барлық діни бірлестіктерге либеральды көзқараспен қарауды формалды түрде жариялау түріне дейін әр түрлі болуы мүмкін.
Шетелдердің дін саласындағы мемлекеттік саясатын талдайтын болсақ, олар заңдарды қабылдаумен ғана шектеліп қоймайды. Оларда бірнеше кофессиялармен конкордат немесе келісім-шарттардың жасалуы секілді дінге идеологиялық тұрғыда қарауды жүзеге асырудың арнайы технологиялары бар. 1998 жылы АҚШ-та «Religious Persecution Act» заңының қабылдануын да осындай жайттар қатарына жатқызуға болады.
Зайырлы режимдегі шет елдер заңдамаларын талдайтын болсақ, олардың діни бірлестіктермен қарым-қатынас мәселесінде қатаң түрде бір жақты ретке салудан бастап (Франция), тек таңдаулы конфессияларға ғана ерекше құқықтардың берілуіне дейін (Италия, Бельгия, Австрия) әрқайсысының өзіндік моделі бар екендігін көруге болады. Адам құқықтарын қорғау саласында өзара іс-қимыл тұрғысынан алып қарағанда Еуропа елдері мен АҚШ тәжірибесі тартымдырақ болып көрінеді.
Қазақстандағы тарихи, мәдени, экономикалық және басқа да факторлар тек өзіне тән діни ахуалды қалыптастыратындығына байланысты, оның басқа елдермен, халықаралық ұйымдармен үн қатысуды жүзеге асыруы тек мемлекеттерге өз елінің мәдени, тарихи мұрасына сәйкес заңдар қабылдап, саясат ұстануына белгілі дәрежеде мүмкіндік беретін ұстаным ескерілгенде ғана мүмкін болады. Бұл ұстаным Халықаралық құқықта қолданылып, ОБСЕ мен басқа да құрылымдар тарапынан ескеріліп жүр. Атап айтқанда, 2004 жылы ОБСЕ-нің Венеция комиссиясы бекітілген «Діндер немесе сенімдер туралы заңнамаға талдау жасау нұсқамаларында» осыған сілтеме жасалады.
Ұ.Маймақова.