Шымкент қаласында жыл басынан бері COVID-19 инфекциясының 6 145 жағдайы, ал, коронавирустық инфекция белгілері бар пневмониямен 512 жағдай тіркелген. Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті.Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері КВИ жұқтырған 5010 науқас емделіп шыққан. Қазіргі таңда мамандандырылған инфекциялық стационарларда барлығы 1 406 орын бар. Инфекциялық стационарда 223 науқас емделуде. Салалық басқарманың мәліметіне сүйенсек, қалада ковидке қарсы вакцинаның бірінші компоненті 172 968 адамға, екінші компоненті 79 357 адамға егілген. Егілген адамдардан кері әсер байқалмаған. Қалада КВИ-ға қарсы вакцинациялауға жұмылдырылған 43 егу пункті, 320 термоконтейнер дайындалған. Ковидтің ықтимал толқынына үш сценарий бойынша 5496 адамға дейін төсек-орын ашылады. Бұл жұмысқа 36 медициналық ұйым жұмылдырылмақ. Қазіргі таңда қала тұрғындарына қызмет көрсететін 11 ПТР зертханасы жұмыс жасауда. Зертханалардың қуаттылығы тәулігіне 6 070 тест өткізуге қауқарлы.
Бұл ретте, медицина мамандары қала тұрғындарына қатерлі індеттің әлі де қауіп төндіріп тұрғанын ескертеді. Сақтық шараларына салғырт қарамай, адамдар көп шоғырланатын орындардан аулақ болуын, қоғамдық көліктерде, дүкендер мен қоғамдық тағамдану орындарында бетперде киіп жүруге шақырады.