Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытайдың «Wuhan Xiangyu Dingsheng Construction Engineering Co., Ltd.» компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесуде өңірде «Гүлдер мен декоративті ағаштар өсіретін заманауи жылыжай кешені мен арнайы сауда орталығының құрылысы» инвестициялық жобасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Жоба өңірдің көгалдандыру әлеуетін арттырып, гүл шаруашылығы мен сәндік өсімдіктер өндірісін дамытуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.
Кездесу барысында жобаның техникалық және қаржылық тетіктері, құрылыс кезеңдері, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және өндірілетін өнімді ішкі әрі сыртқы нарыққа шығару мүмкіндіктері сөз болды. Сонымен қатар инвестициялық бастаманы іске асыру барысында мемлекеттік қолдау шаралары мен өзара әріптестікті нығайту мәселелері қарастырылды.
Облыс әкімі бұл жобаның маңызды екеніне тоқталды.
– Сіздерді Түркістан өңірінде қарсы алғаныма қуаныштымын! Өздеріңізбен 10 маусымда Қытай Халық Республикасына жасаған іссапарымыз аясында Ухань қаласында кездесу өткізіп, жобаны жүзеге асыру мәселелерін талқылаған болатынбыз. Бүгінгі кездесу – сол бастаманы нақты іске асыру бағытындағы маңызды қадам. «Гүлдер мен декоративті ағаштар өсіретін заманауи жылыжай кешені мен арнайы сауда орталығының құрылысы» инвестициялық жобасы өңірдің инвестициялық әлеуетін арттырып қана қоймай, агроөнеркәсіптік секторды дамытуға, сауда-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіруге және жаңа жұмыс орындарын құруға үлкен үлес қосады деп сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.
Компания өкілдері Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктеріне жоғары баға беріп, жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді. Олардың айтуынша, кешенде гүлдердің және декоративті ағаштардың түрлі сұрыптары өсіріліп, заманауи агротехнологиялар мен автоматтандырылған басқару жүйелері енгізіледі. Бұл өнім сапасын арттырып, жыл бойы тұрақты өндіріс жүргізуге мүмкіндік береді. Мұнда гүл өсіріледі, саудаланады және туристік орталыққа айналады деп күтіліп отыр.
Аталған инвестициялық жоба Түркістан облысының экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, өңірдің абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Заманауи жылыжай кешенінің іске қосылуы жергілікті нарықты сапалы сәндік өсімдіктермен қамтамасыз етіп, қалалар мен елді мекендердің көркін жақсартуға ықпал етпек.
Жоба аясында енгізілетін жаңа технологиялар гүл шаруашылығы саласындағы өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған. Автоматтандырылған жүйелерді қолдану арқылы өсімдіктерді күтіп-баптау, суару және өсіру үдерістері оңтайландырылып, өнімнің тұрақты әрі жоғары сапалы болуы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, кешенде мамандар даярлау және тәжірибе алмасу бағытындағы мүмкіндіктер де қарастырылуы мүмкін.
Гүлдер мен декоративті ағаштар орталығы тек өндірістік нысан ғана емес, туристер мен тұрғындар үшін тартымды орындардың біріне айналуы жоспарлануда. Мұнда келушілерге арналған сауда алаңдары, көрме бағыттары және жасыл желек мәдениетін насихаттайтын заманауи кеңістіктер қалыптастыру көзделіп отыр.
Инвестициялық жобаның жүзеге асуы өңірдегі кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл шаруашылығы саласының жаңа бағытын дамытуға және халықаралық әріптестікті нығайтуға серпін береді. Түркістан облысы үшін мұндай бастамалар инвестициялық тартымдылықты арттырудың және экономиканы әртараптандырудың маңызды қадамдарының бірі болмақ. Кездесу қорытындысында тараптар жобаны тиімді іске асыру бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.
