Баянауылда әйгілі Қажымұқан қайратының куәсі болған тас бар. Бұл туралы Қазақстан ұлттық арнасына сілетеме жасаған DIDARBEK.KZ хабарлайды.
100 жылдан бері сақталып келе жатқан ерекше жәдігер аудан орталығындағы саябаққа орнатылды. Табиғаты тұмса Баянауылды тамашалауға қысы-жазы ағылатын жұрт апайтөс балуан көтерген алып тасты көрмей кетпейді.
Тастың да тарихы бар. Баянауылдықтар «балуан көтерген тас» деп ерекше әспеттейтін мұрағат осы. Төрт қырлы, таудың кәдімгі қызғылт сұр граниті. 1921 жылы Қажымұқан Мұнайтпасұлы Павлодар өңіріне келіп өнер көрсеткен. Сол жолы Субек ұстаның үйіне тоқтаған. Балуан ойын көрсеткенде қолданатын темір құралдарын ұста дайындап отырған. Оның қонақжайлығы мен шеберлігіне разы болған Қажымұқан кетерінде тапқан олжасынан қажетінше тастап кетіп отырған.
Көне жәдігер алғашында тау бөктеріндегі Субек ақсақалдың ұстаханасының жанында тұрған. Құшақ жетпес зіл қара тасты нақты салмағы да осы күнге дейін белгісіз.
Санжар Жаңбырбай, оқушы: -Осы тасты Қажымұқан ата көтергеніне сенімдімін. Өйткені, ол мықты болды. Мен болашақта тастың салмағын өлшеп көрсетемін. Тастың массасы арқылы көлемін анықтап шығарамын. Қанша тонна болатынын анықтаймын.
Санжар қазір ғылыми жұмыс жазып жатыр. Сырт көзге сынаға ұқсайтын Қажымұқан тасының нақты сипатын дәлелдемек. Осылайша балуанның күш қайратының куәсі, қос алыптың достығының мұрасы болған тастың тарихы арада ғасырға жуық өткенде қайта жаңғырмақ.