Ұлы Отан соғысы кезінде Қажекеңнің қаржысымен Қазанда жасалған арнайы ұшақ қазақ ұшқышы Қажытай Шалабаевқа табыс етілген екен. Ұшақтың одан кейінгі тағдыры қалай болған? Ол қазір қайда?
Қажымұқан аманатын көзінің қарашығындай сақтаған Қ.Шалабаевтың айтуынша, ұшқыштық жеке кітапшасында оның соғыс кезінде аспанға 217 рет көтерілгені жазылыпты. Соның 70-тен астамы Қажымұқан ұшағының еншісіне тиген. Ұлы Жеңістің хабарын Курляндия майданында естіген ол Мәскеуде өтетін Жеңіс парадына қатысатын болған, бірақ сол күнгі ауа райы өте қолайсыз болғандықтан, Қызыл алаңдағы мерекеге әуе күштері ұшып шыға алмаған. Жеңіс парады аяқталғаннан кейін бір айдан соң әскер қатарынан босанған Қ.Шалабаев Қажымұқан ұшағын Иваново қаласының жанындағы Керпач деген елді мекендегі аэродромға өткізіпті.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан ауылындағы Қажымұқан мұражайының директоры Ш.Жарқынбекұлы: «Қажекеңнің қаржысына жасалған ПО-2 ұшағы Мәскеудегі соғыс техникалары қойылған ашық аспан астындағы мұражайда тұр дегенді естідік. Бірақ анығын білмейміз», – дейді.
Нұржігіт АМАНЖОЛОВ, Шымкент қаласы
Дереккөз: alashainasy.kz