Түлкібас ауданының орталығындағы «Жеті қазына» аллеясында мемлекетіміздің қос бірдей айтулы мерекесі – Астана күні мен Ұлттық домбыра күніне арналған салтанатты мерекелік концерт өтті.
Мерекелік жиында аудан әкімі Асқар Естібаев аудан тұрғындарын Астана күні мен Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, бұл қос мерекенің ел бірлігі мен ұлттық құндылықтарды ұлықтаудағы ерекше маңызына тоқталды.
– Бүгінгі мерекелердің мәні бұрынғыдан да ерекше. Өйткені 1 шілдеден бастап жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қолданысқа енді.
Жаңа Ата Заң – еліміздің демократиялық даму бағытын айқындайтын, заң үстемдігін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтатын, Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған басты құжат, – деді аудан әкімі.
Салтанатты шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық өміріне және өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан бірқатар азамат аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Сонымен қатар ел демографиясының артуына өзіндік үлес қосып жүрген көпбалалы аналарға құрмет көрсетіліп, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелеріне мемлекеттік наградалар – төсбелгілер салтанатты түрде табыс етілді.
Мерекелік жиында аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсембаев та аудан тұрғындарын қос мерекемен құттықтап, ел игілігі жолындағы адал еңбегімен ерекшеленген бірқатар азаматқа Алғыс хаттар табыстады.
Мереке концерттік бағдарламаға ұласып, Ұлттық домбыра күніне орай Тоғысбаевтар отбасы қазақ күй өнерінің жауһары саналатын «Әлқисса» күйін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ ұлттық аспаптарда өнер көрсеткен өнерпаздар күмбірлеген күй мен әсем әннен шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қос мерекеге арналған салтанатты іс-шара ұлттық рухты дәріптеп, елдік құндылықтарды ұлықтаған тағылымды мерекеге айналды.
