Соңғы жаңалықтар

Коллекторлардың заңсыз әрекеті әшкере болды

Azatmedia.kz. Қазақстандық әйелді қарызын төлемегені үшін коллекторлар ұрлап әкетпек болған, – деп хабарлады paryz.kz, «Еуразия бірінші» арнасына сілтеме жасап. 

Банктен, микро қаржы ұйымынан, жеке адамнан ақша алып, қайтармай кететіндер өте көп. Осы кезде коллекторлар іске араласады. Яки, банктегілер проблемалы қарызды толықтай коллекторларға сатып жібереді. Әрі қарай олар небір әккі амалдарға барады. Несиесін уақытылы өтей алмаған Әсел Әубәкірова басынан өткен оқиғасын айтып берді.

«Менің тез тағамданатын мейрамханада жұмыс істеп жүрген кезім еді. Олар мені залға шақырып, қонақтар мен басшылық, әріптестерімнің алдында айқайлай бастады. Тиісті де. Залдағыларға «мынау алаяқ, ақшаны алады да, қайтармайды» дегенді айтты», – дейді Әсел Әубәкірова.

Дүйім жұрттың алдындағы «масқаралау» қойылымынан кейін, коллекторлар Әселді көлікпен ұрлап әкеткісі келіпті. Әріптестері араша болып, алып қашудан аман алып қалған көрінеді.

Егер коллектор осылай маза бермей, қоқан-лоққы көрсетсе, оның есіне «Коллекторлар қызметі туралы» заңды салыңыз. Құжатта аталмыш мамандық иесі берешекке тек жұмыс күндері, таңғы 8-ден 21:00-ге дейін, үш рет қана хабарласа алатыны көрсетілген. Сонымен қатар, коллектор
борышкермен бір жетіде тағы да үш рет кездесе алады. Оның барысында қорқытып, қоқан-лоққы көрсетсе, бұл заңға қарама-қайшы әрекет етті дегенді білдіреді.

2017 жылы қабылданған бұл құжаттың талаптарын коллекторлар білмейді емес, біледі. Жай, заңды айналып өтудің жолдарын жақсы меңгеріп алған-ды. Мысалы, Алматыда 35 коллекторлық агенттік жеке сот орындаушыларымен ауыз жаласып, соңғы жылдар бойы алғашқыларға «электрондық сандық қолтаңбаларын» беріп келген. Осылайша, коллекторлар берешек жандардың мекен жайын, жұмыс орнын, туған-туысын, осал жерін танып алған. Бұл аз десе, борышкердің есепшотын бұғаттап, ол жақтан ақша алып, мүлікке тыйым салып, оны саудалап, адамды шетелге де шығармай қойған. Сөйтіп, арнайы базадан қарызы бар қазақстандықтар туралы 200 мың рет түрлі мәліметті анықтаған.

«Номиналды қатысқаны үшін жеке сот орындаушысы жалақы алған. Ол – орта есеппен 250-300 мың теңге. Сонымен қатар, сот орындаушылары – мемлекеттік-ақпараттық жүйе. Онда сот орындаушылары барлық атқарушылық әрекеттерді жасайды. Онда адамдардың жеке деректері бар. Оған бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынған», – деді ҚР бас прокурорының аға көмекшісі Қайрат Раисов.

Әрине, осындай былықтан соң, ешкім не коллектормен, не жеке сот орындаушымен бір үстел басында отырғысы да, байланысқысы да келмейді. Айтпақшы, бас прокуратура тексерісінен кейін жеке сот орындаушыларының республикалық палата мүшелігінен 18 маман шығарылған.

Коллекторлармен заңсы әрекетке барғаны үшін 2018 жылы 50 жеке сот орындаушы республикалық палата мүшелгігінен шығарылған, 2019 жылы 60 маман, ал биыл, яғни толық 9 айда 30 адам арнайы қызметінен босатылған.

Бұл проблеманы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де шешуге ниетті. Олар жоғарыда атаған «Коллекторлар қызметі туралы» заңға өзгеріс енгізбекші.

«Бірінші, егер де коллекторлық агенттіктен хабарласатын болса, онда агенттіктен хабарласқан нөмір сол ұйымға тіркелген болуы тиіс. Коллекторлар борышкерлермен кездескенде аудио-видео фиксация болуы керек», – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Ернар Оразбаев.

Тағы да екі шектеу бар. Оның бірінде коллектор ақшасын қайтармай жүргеннің танысына, жақынына тек берешектің телефоны мен мекенжайын анықтау үшін ғана хабарласа алады делінген. Басқа сұрақ қоюға құқығы жоқ. Сондай-ақ, қарыз өндіруші борышкердің әріптестерінен тың ақпарат білгісі келсе, тек хат-хабарлама арқылы сөйлесуі міндеттеледі. Бұл өзгерістер жыл
соңына дейін құжатқа енуі тиіс. Ал қазірдің өзінде коллектордан опық жеп жүргендер қайтпек керек?

«Егер борышкер коллектор шектен шығып, заң бұзды, оның іс-әрекетінде қылмыс бар деп есептесе, онда құзырлы органдарға арыз-шағым жаза алады. Бұл бастамада телефонға жазылған сұхбаттасу да дәлел бола алады», – деді заңгер Инна Лапина.

Қаржы нарығын реттейтін агенттіктің мәліметінше, жыл басынан бері 180 коллектордың үстінен шағым келіп түскен. Оларға 530 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Ал 2019 жылы адамдардың 353 маманның қызметіне көңілі толмаған. Айтпақшы, бүгінде бизнес пен жеке тұлға ретінде қарыз
алған 7 миллион қазақстандық қаржы ұйымдарына 14 триллион теңге берешек. Оның 93 пайызы банктерге тиесілі.

Қатысты жаңалықтар

«Алтын орда» базарындағы төбелес: Оқиғаға қатысты тың дерек шықты

azatmedia

Қашыртқыларды тазалау жұмыстары жүргізілді

azatmedia

ШЫМКЕНТТІК ЕРІКТІЛЕР «ЖАНҒА ЖЫЛУ» АКЦИЯСЫН ӨТКІЗДІ

azatmedia

Пікір қалдыру