Ақпарат Қоғам Соңғы жаңалықтар

ОМАРТА ИЕЛЕРІНЕ МАҢЫЗДЫ ЕСКЕРТУ: ӨҢДЕУ ЖҮРГІЗІЛЕТІН АЙМАҚТАР АНЫҚТАЛДЫ

Келес ауданында сәуір–мамыр айларында марокко шегірткесіне қарсы ауқымды химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты омарта иелеріне қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде маңызды ескерту жасалды.

Атап айтқанда, химиялық өңдеу жұмыстары ауданның Біртілек, Алпамыс батыр, Ұшқын, Ошақты, Қошқарата, Жүзімдік, Бірлесу, Ақтөбе, Бірлік, Бозай және Жамбыл ауылдық округтері аумағында жүзеге асырылады.

Мамандардың айтуынша, бұл аймақтарда жоғары қауіпті пестицидтер (қауіптілік класы П-1) қолданылатындықтан, бал аралары үшін қауіп деңгейі жоғары.

Осыған байланысты омарта иелеріне:

– омарталарды өңдеу жүргізілетін аумақтардан кемінде 5–6 шақырым қашықтыққа көшіру;

– өңдеу кезеңінде араларды уақытша оқшаулау;

– алдын ала өңдеу кестесін нақтылап, жауапты қызметтермен байланыста болу ұсынылады.

Сала мамандары қауіпсіздік талаптарын сақтамау аралардың жаппай қырылуына және бал өнімдерінің сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан омарта иелері аталған аймақтардағы жұмыстарды ескеріп, тиісті қорғану шараларын дер кезінде қабылдауы қажет.

Сонымен қатар, өңдеу жұмыстары аяқталғаннан кейін омарта иелеріне араларды қайтадан табиғи мекендеріне немесе тұрақты орындарына қайтару ұсынылады. Бұл ара популяциясын қалпына келтіруге және бал өндірісін тұрақты сақтауға мүмкіндік береді. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау арқылы омарта иелері тек өз шаруашылығын ғана емес, сондай-ақ өңірдің экологиялық тепе-теңдігін де қорғауға үлес қосады. Бұл шаралар бал өнімдерінің сапасын сақтап, халыққа қауіпсіз өнім жеткізуге септігін тигізеді.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ СПОРТ АЛАҢШАЛАРЫНЫҢ САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

azatmedia

ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ІРІ ӨНЕРКӘСІПТІК ЖЫЛЫЖАЙ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

azatmedia

ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ ҚЫЛМЫСТАРДЫ ҚАТАҢ ҚАДАҒАЛАУ ҚАЖЕТ

azatmedia