Жетісай ауданы аумағындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмыс деңгейін төмендету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, алдағы міндеттер нақтылау мақсатында аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Комиссия отырысының күн тәртібінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша аудан көлемінде тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жай-күйі, кәсіби жылыстатушыларға, дропперлер мен қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырушыларға, интернет алаяқтық фактілеріне қарсы күрес және олардың алдын алу, саладағы нақты көрсеткіштер мен қабылданып жатқан шаралар кеңінен талқыланып, аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Ермековтың баяндамасы тыңдалды.
Бас полицейдің мәліметінше, өткен жылы профилактикалық жұмыстардың тиімді жүргізілуінің нәтижесінде аудан аумағындағы криминогендік ахуал тұрақты деңгейде сақталған. Құқық қорғау органдарының жүйелі жұмысының нәтижесінде қылмыстың бірқатар түрлері бойынша көрсеткіштер төмендесе, кейбір қылмыс санаттары бойынша деректер мүлдем тіркелмеген.
Отырыста қазіргі таңда қоғам үшін өзекті мәселелердің бірі – интернет алаяқтықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударылып, онлайн алаяқтардың түрлі тәсілдерді қолдана отырып азаматтардың қаражатын иемдену фактілері республика көлемінде көбейіп отырғаны, аудан тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру, түсіндіру жұмыстарын күшейту және күмәнді операцияларға тосқауыл қою бағытындағы шараларды жандандыру қажеттігі айтылды.
Аудан әкімі құқық бұзушылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық мемлекеттік мекемелер мен қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру жөнінде нақты міндеттерді белгіледі.
