Түлкібас аудандық Мәдениет үйінде Түлкібас ауданы әкімдігі мен «АMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының ұйымдастыруымен ерекше кездесу өтті. Іс-шараға бокстан екі дүркін әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Махмұд Сабырхан және әлем чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Төрехан Сабырхан арнайы келді.
Кездесу «AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының төрағасы Жүнісов Ержан Әліұлының төрағалығымен, аудан әкімінің орынбасары Ғани Құрманбайдың қатысуымен өтті. Жиынға ауданның құрметті азаматтары, бокстан бапкерлер, жас спортшылар мен оқушылар қатысты.
Жас спортшылар қос чемпионға спорт жолындағы алғашқы қадамдары, жетістіктерге жету жолындағы қиындықтар мен жеңіске жету жолдары жайлы түрлі сауалдар қойып, Махмұд пен Төрехан өз тәжірибелерімен бөлісті. Шараға чемпиондардың әкесі, жаттықтырушысы Айдархан Сабырханұлы қатысып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Сондай-ақ, кездесуде Түлкібас ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Келесбек Жартыбаев және ішкі істер органдарының ардагері, партия ардагері Өтепбай Маткерімов сөз сөйлеп, ел намысын абыроймен қорғаған чемпиондарға алғыстарын білдіріп, алдағы додаларда сәттілік тіледі.
Аудандық спорт мектебінде бокстан әлем чемпиондары Махмұд және Төрехан Сабырхан жас спортшылармен кездесу өткізіп, шеберлік сағатын жүргізді. Чемпиондар өзінің спорттағы жолымен бөлісіп, жетістікке жетудің сыры мен тәртібін, табандылық пен мақсаткерліктің маңызын түсіндірді.
Жас былғары қолғап шеберлері үшін бұл кездесу үлкен мотивацияға айналып, өз армандарының биігіне жетуге ынталандырды. Шара соңында спортшылармен естелік суретке түсіп, қолтаңба алу сәттері өтті.
Бұл кездесу Түлкібас ауданындағы жас спортшылар үшін үлкен өнеге болды. Елдің мақтанышы болған чемпиондар өздерінің спорттық жолдарын, қиындықтар мен жетістіктерін бөлісіп, жас буынға дұрыс бағыт-бағдар берді. Спорттық мансапта табысқа жетудің негізі — тек қана физикалық күш емес, сонымен қатар моральдық беріктік пен өзіне деген сенімділік екендігін айқындап көрсетті. Әрбір жас спортшының бойында тек жеңіске ұмтылыс қана емес, сонымен қатар тәртіп, табандылық және мақсатқа жетудегі жігері болуы керек. Бұл қасиеттер болашақ чемпиондардың басты ерекшелігі болары сөзсіз.
Кездесуде айтылған маңызды сөздер мен ұсыныстар жас спортшыларға үлкен серпіліс берді. Қазіргі заманғы спортшылар тек жеке қабілеттерімен ғана емес, әлеуметтік және психологиялық дайындықтары арқылы да ерекшеленуі керек. Махмұд пен Төрехан Сабырхан өздерінің әкесі Айдархан Сабырханұлынан алған тәлімін, өзінің өмірлік тәжірибесін жас буынмен бөлісе отырып, оларға чемпион болудың ғана емес, өмірде дұрыс жолмен жүрудің маңыздылығын түсіндірді. Спортта табысқа жету жолы ұзақ және қиын, бірақ әрбір қадамның өз маңызы бар. Әрбір жеңіс, әрбір жеңіліс — тәжірибе мен білімнің көзі.
Мұндай кездесулер жастарды ғана емес, жалпы ауданның дамуына да үлкен әсер етеді. Аудан тұрғындарының рухын көтеріп, елдің спорттық саласында жаңа белестерді бағындыруға ықпал етеді. Жас спортшылардың арасында талантты жастардың көптігі байқалады, және олардың білімі мен мотивациясы дұрыс жолға қойылса, болашақта әлемдік ареналарда тағы да Қазақстанның туын биік көтеретін жаңа чемпиондар туатынына сеніміміз мол. Бүгінгі кездесудің жастардың болашағына әсері зор болары анық. Алдағы уақытта да осындай іс-шаралардың жиі ұйымдастырылуы, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың кәсіби деңгейде дамуына өз септігін тигізеді. Әлем чемпиондарымен өткізілген әрбір кездесу олардың жүрегіне сенім, жігер мен мақсатқа жету үшін қажетті күш-қуат сыйлайды.
