Ұлттық домбыра күніне орай, Қазығұрт ауданында аудандық орталық стадионда “Ғасырлармен үндескен – домбыра” атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Бұл мәдени іс-шара қазақ халқының рухани құндылықтарын дәріптеуге, домбыраның маңыздылығын көрсетуге бағытталған болатын. Мерекеге қала тұрғындары мен аудан қонақтары қатарынан шамамен 200-ге жуық адам қатысып, ұлттық өнерді ұлықтауға үлес қосты.
Мерекелік жиынның басты мақсаты – ата-бабамыздан мирас болып қалған, қазақ халқының рухани байлығы әрі ұлттың мәдени айнасы саналатын киелі домбыра аспабының ұлттық болмысымыздағы ерекше орнын айшықтап, келешек ұрпаққа оның құндылығын жеткізу болды. Домбыраның тарихы мен мәдени маңызын қазақ руханиятына қосылған зор үлес ретінде ұғындыру көзделді.
Мерекенің ең әсерлі сәті – қатысушылардың бір мезетте бірдей күй шертiп, домбыра кескінін бейнелеуі болды. Бұл көрініс – қазақ халқының бірлігі мен рухани тұтастығының жарқын символы әрі ұлттық мәдениетіміздің сақталуының маңызды белгісі ретінде көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Домбыраның күмбірлеген үні көрерменнің жанын күймен тербеп, олардың рухын көтеріп, ұлттың тарихы мен мәдениетіне деген құрметті арттырды.
Бұл шара Қазығұрт жұртшылығы үшін тек бір күндік мереке ғана емес, ұлттық өнер мен мәдениеттің болашақ ұрпаққа жеткізілуіне арналған маңызды қадам болып табылды. Ұлттың өнеріне, дәстүріне деген құрмет пен сүйіспеншілікке баса назар аударылған ерекше мәдени оқиға ретінде тарихқа жазылды.
Қос ішектен төгілген күй – халқымыздың жаны, жүрегі. Домбыра – бұл біздің шежіремізді сөйлеткен, өткен тарихымызды тербеткен, ұлттың рухын биіктеткен қасиетті аспап. Домбыраның әрбір үні, әрбір күйі – халықтың өмір сүру тарихы мен рухани дүниесінің бөлігін құрайды.
Бұл күн – ұлт рухына, өнерге, дәстүрге тағзым ететін күн. Домбыраның күмбірі әрбір қазақтың жүрегінде жаңғырып, ұлттың мәдениетінің дамуына үлес қосатын ерекше күшке айналсын!
Домбыра дастан, күй – мұрамыз,
Күмбірі өшпес бір шынарымыз.