Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «AMANAT» партиясы облыстық филиалында азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініш-шағымдарын қарады. Азаматтардың басым бөлігі жол сапасының төмендігі, ауыз су тапшылығы, табиғи газ желісінің жетіспеушілігі, интернеттің әлсіздігі, көше жарығы мен тұрғын үй кезегі сияқты мәселелерді көтерді.
Сарыағаш ауданы Құркелес ауылдық округіне қарасты Жаңаталап елді мекенінің тұрғыны ауылда жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарының сапасына алаңдаушылық білдірді. Тұрғынның айтуынша, мердігер мекеме мамыр айында техникалық бақылау мекемесімен келісімге келместен жұмысқа кіріскен. Алайда тұрғындар құрылыс сапасына күмән келтіріп, жұмыстарды тоқтатуға мәжбүр болған. Бұл мердігердің бұған дейін де өз міндетін дұрыс орындамағаны белгілі. Бүгінгі күні жол жөндеу жұмыстары тоқтап тұр. Мәселе тікелей назарға алынып, мердігер ұйымның заң аясында сапалы жұмыс атқаруын қамтамасыз етуді жүктеді.
Ал Төлеби ауданы, Қасқасу ауылдық округінен келген бірнеше тұрғын бірқатар түйткілдерді алға тартты. Олар ауылда ауыз су мәселесі шешілді делінгенімен, әлі күнге толықтай қамтамасыз етілмегенін, көше жарығының жоқтығы мен асфальт төсеу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ Қасқасу ауылының тағы бір тұрғыны көгілдір отын мен ауыз судың сапасына қатысты шағымын ортаға салды. Бұл мәселелер бойынша Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев атқарылып жатқан жұмыстар туралы толыққанды ақпарат беріп, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Зұлпыхар Сансызбайұлы әрбір өтінішке мұқият ден қойып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Әсіресе, тұрғындарды облыс орталығына дейін әуре-сарсаңға салмай, жергілікті деңгейде жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін баса айтты.