Түркістан облысына қарасты аудан, қалаларда «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Өткен аптада облыс көлемінде 215 арнайы тазалық шарасы ұйымдастырылды. Оған қоса Шардара жағажайы аумағын ретке келтіру шаралары жүзеге асты. Бұл экологиялық бағдарлама өңірдің тазалығын сақтау мен жақсартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады. Бұл бағыттағы мәселелер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте талқыланды.
Жиналыста облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов бағдарлама аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар мен жағажай аумағында атқарылған рейдтік, тазалық шаралар легін баяндады. Оның сөзінше, «Таза Қазақстан» бағдарламасы тұрақты бақылауда, ал демалыс аймақтарында анықталған кемшіліктер бойынша жұмыстар жалғаспақ. Экологиялық мәселелердің өзектілігін ескере отырып, бағдарламаның орындалуы аса маңызды болып табылады.
Өткен аптада облыс көлемінде 215 тазалық шарасы өтіп, оған 5759 адам қатысқан. Жалпы 182 қоқыс шығарылды. Бұл шаралар өңірде тазалық деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады. Шардара жағажайы аумағында анықталған кемшіліктер бойынша рейдтік жұмыстар атқарылды. Қазіргі таңда жалға берілетін сәкілердің орны 50 метрге жылжытылып, арнайы қауіпсіздік белгілері орнатылған. Тазалық және қауіпсіздік шаралары толығымен тексерістен өтіп, кемшіліктер түзетілді.
Сонымен қатар «Қазсушар» РМК тарапынан су қойма жағасында заңсыз орналасқан кәсіпкерлерді тексеру бойынша құзырлы органдарға арыз берілді. Полиция департаменті тарапынан 6 кәсіпкерге айыппұл салынып, жалпы 196 құқықбұзушылық анықталып, айыппұл салынды. Бұл әрекеттер заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталып, жағажай аумағының қауіпсіздігі мен тазалығын қамтамасыз етуге үлес қосуда. Бүгінде облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 6 демалыс орнына тексеру жұмыстарын жүргізуде. Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан 36 хаттама толтырылды. Тексерулер мен мониторингтің нәтижесінде тазалық сақтау талаптары күшейтілді.
Сондай-ақ жағажай аумағына 16 құтқарушы бекітіліп, қауіпсіздік белгілері орнатылды. Бұл қауіпсіздік шаралары демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аса маңызды. Бұдан бөлек, жағажай аумағында 15 автокөлік айыптұраққа қойылды.
Мониторинг жұмыстарына сәйкес жағажайда жалпы 409 сәкі анықталды. Оның 282-сі жеке кәсіпкерлердің меншігінде болса, қалған 111-і жеке тұлғаларға тиесілі. Мұнда киім ауыстыратын орын мен әжетхана қарастырылмаған. Бұл мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, толығымен қалыпқа келтірілді. Қазіргі таңда жағажай инфрақұрылымын жақсарту бойынша барлық кемшіліктер түзетілді және халықтың демалуы үшін қажетті жағдайлар қамтамасыз етілді.
Жиын соңында аймақ басшысы Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының тапсырмасы – «Таза Қазақстан» бағдарламасын маңызға алып, жауапты мамандарға бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Бағдарламаның тұрақты әрі жүйелі орындалуы облыстың экологиялық жағдайын жақсартуға үлкен ықпал етеді, ал азаматтардың денсаулығын сақтау мен өмір сүру сапасын арттыруға септігін тигізеді.