Түркістан қаласындағы Қазақ-Корей бірлескен «Woosong University Kazakhstan» оқу ордасы биылғы жаңа оқу жылында өз жұмысын бастайды.
Бұл университет еліміздің ІТ саласында білім беру сапасын арттыруды және болашақта ақпараттық технологиялар саласында мамандарды даярлауды мақсат етеді. Қазіргі таңда ІТ университетінде талапкерлерді қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде «Woosong» университетінде білім алуға еліміздің өңірлерінен және шет мемлекеттерден 414 түлек өтініш білдірген.
Нақтырақ айтқанда, Астана қаласынан – 45, Алматыдан – 27, Атыраудан – 9, Ақтөбеден – 7, Қарағандыдан – 7, Шымкент қаласынан — 88 және Түркістан облысынан 186 жас осы университетте білім алуға ниетті. Түркістан облысындағы жастардың белсенділігі ерекше байқалып отыр, бұл өңірдің білім саласында жаңа мүмкіндіктерге деген сұраныстың артқанын көрсетеді. Қалған талапкерлер Тараз, Ақтау, Қызылорда, Петропавл, Семей, Өскемен, Орал және Талдықорған қалаларынан болса, Қарақалпақстан Республикасынан 1 талапкер, Ираннан 1 талапкер құжат тапсырған.
Ақпараттық технологиялар университетінде жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау, бағдарламалық қамтамасыз ету мамандықтары бойынша білім беру жоспарлануда. Бұл бағыттар болашақта елімізде ІТ саласының дамуына үлкен әсерін тигізіп, жас мамандарға жоғары сұранысқа ие біліктіліктер береді.
Бұл бастаманы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және Түркістан облысы әкімдігі бірлесе жүзеге асыруда. Екі тараптың бірлескен жұмысы жастардың ғылым мен білім саласында жетістікке жетуі үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Түркістан облысы әкімдігі тарапынан студенттердің ақысыз негізде білім алуына 100 грант бөлінді.
Айта кетейік, құжаттарды қабылдау жұмыстары жалғасуда. Қабылдау комиссиясы Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде орналасқан.
Оқу ордасы осы жылы өз ісін бастай отырып, жастарға сапалы білім беру мен ғылымдағы жаңа жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді. Қосымша мәліметті +7 705 682 20 33, +7 777 013 02 07, +7 776 046 68 51, +7 776 046 68 53 телефон нөмірлеріне хабарласу арқылы білуге болады.