Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаевтың төрағалығымен аудан әкімдігінде кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округтер мен кенттердің әкімдері және жауапты сала мамандары қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – ауданның 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері болды. Бұл бағытта аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ғалымжан Егембердиев баяндама жасап, нақты сандар мен көрсеткіштерді ортаға салды. Ол ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, инвестиция тарту, құрылыс және инфрақұрылым салаларындағы жетістіктер мен шешімін қажет ететін мәселелерге тоқталды.
Келесі кезекте аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Рахымжан Алтынбеков көрнекі үгіт-насихат құралдарының жай-күйі жайында баяндама жасады. Ол кейбір діни нысандардың тіркеу және құжаттандыру мәселесі бойынша туындап отырған қиындықтарды айтып, оларды шешу жолдарын ұсынды. Сонымен қатар аудан аумағындағы жарнама мен үгіт құралдарының заң талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету жұмыстары да басты назарда екені айтылды.
Мәжіліс барысында аудан әкімі аппаратының басшысы Фархат Байтуғанов санитарлық тазалық мәселесіне ерекше тоқталып, ауылдық округтер мен кенттердегі тазалық жұмыстарының жүйелі жүргізілуі бойынша тиісті ескертпелер жасады. Ол тазалық сақтау ережелерін бұзған тұрғындарға заң аясында шара қолдану қажеттігін округ әкімдеріне тапсырды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Асқар Естібаев күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын өз бақылауында ұстайтынын жеткізді.Сонымен қатар, әрбір сала басшысынан жауапкершілік пен нәтижелілік талап етілетінін еске салды.