Бүгін Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының отырысы өтті. Маңызды жиынға облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, фракция мүшелері, облыстық басқарма басшылары, Арыс, Кентау қалалары мен Отырар ауданының әкімдері және мәслихат төрағалары, сондай-ақ су саласына жауапты мекеме басшылары қатысты.
Жиынды ашқан фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев күн тәртібінде партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыруға бағытталған Жол картасының орындалу барысы қаралатынын атап өтті. «Халық тарапынан көтеріліп жүрген ауыл шаруашылығын дамыту, сапалы жұмыс орындарын құру, кәсіпкерлер мен жастарды қолдау, тұрғын үй, ауыз су, газ, жарық, жол мәселесі партиямыздың сайлауалды бағдарламасында толық қамтылған. Бүгінгі отырыста осы мәселелердің шешілу барысын, оған жауапты басшылардың есебін тыңдаймыз», – деді фракция жетекшісі.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек Жол картасында 4 бағыт бойынша 136 іс-шара бекітілгенін, оның ішінде 2025 жылға жоспарланған 121 тармақтың 21-і ғана орындалғанын мәлімдеді. Қалған бағыттардың орындалмау себептері ретінде бюджет шығындарын оңтайландыру, басымдықты әлеуметтік маңызы бар салаларға беру қажеттілігі болғанын жеткізді.
Депутаттар тарапынан Түркістан қаласындағы «Ана мен бала» орталығының құрылысы, Қазығұрт ауданындағы емхананың жай-күйі, Түркістан мен Сарыағаштағы айналма жол, «Ауыл аманаты» жобасы аясындағы кооперация мәселесі сынды нақты сауалдар қойылып, оған басқарма басшысы жауап берді.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Абай Тұрханов Жол картасындағы 15 іс-шараның іске асу барысын баяндады. Ол кейбір нысандарда мердігер компаниялардың жұмысын кешіктіруі мен жобалық-сметалық құжаттамадағы өзгерістерге байланысты проблемаларды да атап өтті. Депутаттар Мақтаарал ауданындағы мектеп құрылысының кешеуілдеуі, құрылыс сапасына қатысты сын-ескертпелер, тұрғындардың наразылығына себеп болған жайттарды көтеріп, нақты ұсыныстар берді.
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов, Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай өз өңірлеріндегі Жол карта тармақтарының жүзеге асу барысы туралы баяндады. Арыс қаласындағы Қызылөпір ауылының Бәйдібек ауданына өтуіне байланысты туындаған мәселенің шешілгені, Арыс қаласының танымал тұлғаларының есімін ауылдарға беру ұсынысы айтылды.
Кентау қаласындағы жылу энерго орталығы мен трансформатор зауыты жұмыстарының жүйеленгені айтылса, депутаттар Ащысай елдімекенінің ауыр жағдайына тоқталып, коммуналдық техника тапшылығын шешу қажеттігін айтты. Отырар ауданында жыл сайын қайталанатын шіркей мәселесі, мақта шаруашылығындағы шетелдік инвесторларға жасалған жеңілдіктер, лейшманиоз індеті бойынша нақты сауалдар қойылды.Жиын барысында су мәселесі қызу талқыланды. «Қазсушар» мекемесінің Түркістан филиалының директоры Қазыбек Бедебаев ағын судың тапшылығы мен шаруалар мәселесінен хабардар екенін айтып, жүйелі шешімдер қабылданып жатқанын жеткізді. «Тұран су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Досхан Лесов та өз құзырындағы жұмыстар жайында ақпарат беріп, депутаттық сауалдарға жауап берді.
Жиын барысында бірқатар маңызды мәселелер облыс әкімінің орынбасары Талғат Жаппарханұлының қатысуымен нақты талқыланды. Ол кейбір көтерілген сауалдарға тікелей жауап беріп, партия фракциясымен бірлесіп жұмыс істеудің маңызын атап өтті.
Отырыс қорытындысымен барлық ұсыныс-пікірлер хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы «AMANAT» партиясының тұрақты бақылауында болатыны айтылды. Фракция жұмысының басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалардың орындалуына нақты әрі тиімді бақылау жасау.