Шардара қаласының Төменгі Тоғай шағын ауданында «ARLAN BOXING CLUB» жасөспірімдерге арналған жаңа бокс залының ашылу салтанаты өтті. Спорт нысаны жергілікті азаматтар — жаттықтырушылар Бексұлтан мен Ералы Өсерхановтардың жеке қаражаты есебінен салынған.Салтанатты шараға аудан әкімі Арман Қарсыбаев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде ол спорттың жастарды тәрбиелеудегі рөлін атап өтіп, жасөспірімдерге арналған спорт кешенінің ашылуын маңызды оқиға екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, спорттық құрал-жабдықтар сыйға тартты. Аудан басшысы Бексұлтан Өсерхановты өңірдің әлеуметтік-спорттық дамуына қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен және Шардара ауданының 60 жылдық мерейтойлық медалімен марапаттады.Іс-шара барысында Шардара қаласындағы Мелдеби шағын ауданының биі, ауданның Құрметті азаматы Таңсықбай Сахов құттықтау сөз сөйлеп, аудан әкімімен бірге жаңа спорт нысанының лентасын қиды. Айта кетейік, Ералы Өсерханов – аудандық №2 спорт мектебінің бокстан жаттықтырушысы. Оның шәкірттері ел көлемінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Атап айтқанда, Нұғман Қалдар – Қазақстанның үздік боксшыларының бірі болса, Диас Керімбай– Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері, сондай-ақ Бердияр Таңсықбай, Данияр Сметулла және Айсұлтан Жоламан Түркістан облыстық чемпионатының қола жүлдегерлері атанған.
Келесі жаңалық