Ақпарат

ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА ЖЕТЕЛЕЙТІН ІЗГІ ТАҢДАУ

АЭС салуды қолдау жөніндегі Түркістан облыстық Халықтық штабтың мүшелері бүгін Түлкібас кентінде жергілікті тұрғындармен жүздесіп, еліміз үшін стратегиялық жоба – атом электр станциясын салудың артықшылықтары туралы ақпарат беріп, өзара пікір алмасты.Кент тұрғындарымен еркін форматта өткен жиында өңірлік Халықтық штабты бастап келген «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономикада жаңа өндірістерді қосу үшін көп энергия қажет екенін, мұндай жоғары сұранысты атом энергетикасы ғана шешуге мүмкіндік беретінін айтқанын жеткізді. Мемлекет басшысының Жарлығымен 6 қазанда Атом электр станциясын салу жөніндегі жалпыхалықтық референдум өткізу белгіленгенін айта отырып, республика тұрғындары еліміздің әрі қарайғы дамуында маңызды орны бар бұл бастаманы айқындауымызға таңдау еркі берілгенін атап өтті.«Әділетті Қазақстан – әр азаматтың ерік-таңдауын білдірумен құрылатыны белгілі. Референдум өткізу туралы қабылданған саяси шешім – мемлекеттік маңызы бар істе барлық азаматтың үнін есту дегенді білдіреді. Референдум – бұл халықты ортақ арнаға біріктіріп, жалпыға ортақ шешімді қоғам болып таңдауымызға мүмкіндік беретін құрал. Саяси шешімдер бойынша өткізілген референдумдар бұған дейін де болды. АЭС салу жөніндегі жалпыхалықтық референдум – экономика саласына тікелей қатысты мәселе бойынша азаматтарға таңдау еркі беріліп отырған алғашқы қадам», – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.Сондай-ақ жиын барысында Республикалық Халықтық штабтың ел тұрғындары арасындағы түсіндіру кездесулері Түркістаннан бастау алғаны айтылып, бұл қасиетті өлкенің беделін арттырған, жұрт сенімін нығайтқан бастамаға айналғаны жеткізілді. Түркістан төрінде Парламент Мәжілісінің спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың қатысуымен облыс активімен жиын өтіп, онда АЭС құрылысы – бұл Қазақстанның алдағы ұзақ жылдардағы табысты дамуының кепілі болатын серпінді жоба деп танылғаны мәлімделді.Атом энергетикасына көшудің экономикалық аспектілеріне кеңінен тоқталған Халықаралық туризм және меймандостық университетінің доценті Сәбит Баймағанбетов, энергетикалық қауіпсіздікті сақтау – еліміздің басты стратегиялық мақсаттарының бірі екенін айта отырып, электр энергиясы болмаса, өндіріс те, даму да жоқ екенін назарға алды.«Қазіргі уақытта, Қазақстанның энергетикалық секторы елімізде өндірілетін барлық электр энергиясының шамамен 70 пайызын – көмір электр станциялары арқылы өндіреді. Бұл станциялардың орташа тозу деңгейі 70 пайызға жеткен. Оның үстіне, Қазақстанда электр қуатын тұтыну көлемі жыл сайын 3 пайыз көлемінде өсіп отыр. Тозығы жеткен станциялармен қажет көлемде энергия өндіру мүмкін еместігіне уақыт өткен сайын көзіміз жетіп келеді. Қазақстан халықаралық қатынастардың субъектісі ретінде, әлемдік экологиялық стандарттарға сай болуды өз жауапкершілігіне алған. Біріккен Ұлттар Ұйымының ұйғарымымен, қазір әлем елдері қоршаған ортаға зиянды өндіріс орындарынан бас тартып, экологиялық таза өндірісті жолға қоюда. Көмір электр станциялары жаққан отыннан экология зиян шегеді. Біз қоршаған ортаны сақтау үшін әлем қауымдастығымен теңдей қадам басуымыз қажет»- деп сарапшылық пікірін білдірді Сәбит Төленбайұлы.Халықтық штаб өкілдері АЭС салу қажеттілігін туындатып отырған тағы бір маңызды міндет – бұл экологиямызды сауықтыру мәселесі екендігін де атап өтті. Қазір жер шарының климатындағы өзгерістердің басты себепшісі болып отырған парниктік эффектіні азайту, ғаламдық деңгейдегі мәселе ретінде қарастырылып жатқанын айтып, өндірісін жаңа технологиялық деңгейге шығаруға дайын емес елдердің инвестиция тартуы да қиындайтынын тілге тиек етті. Осы ұстанымға берік шетелдік қаржы ұйымдары, ірі бизнес құрылымдары, сол себепті біздің көмір электр станцияларын қаржыландыруға, оларды технологиялық жаңғыртуға қызығушылық танытпайтынын түсіндіріп өтті.Тұрғындар тарапынан АЭС салу мәселесі бойынша туындаған сауалдарға«Ақ-Су Групп» ЖШС директоры, «Ақ жол» партиясының өкілі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ержан Үсентаев, «RESPUBLICA» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Бейбіт Биназаров, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Түлкібас аудандық электр желілік мекемесінің директоры Асқар Досов, Сайрам ауданы, «Қарабұлақ» ауылдық ауруханасының бас дәрігері Дәулет Мұсаев, «AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ержан Жүнісов жауап беріп, сала мамандарының, сарапшылардың кәсіби ұстанымдарын жеткізді.Тұрғындар Атом энергетикасы – Қазақстанның жаңа даму белесін айқындайтынын атап өтіп, Мемлекет басшысының бұл бастамасын қолдауға дайын екендіктерін жеткізді. Ашық мазмұнда өткен жиында жастар атынан сөз алған гір тасын көтеруден екі дүркін әлем чемпионы Жанаәділ Мұхамеджан, спорттық жарыстарға қатысып, ел намысын қорғауда бірнеше мемлекетте болғанын, сол елдерде атом электр станциялары қалыпты жұмыс істеп тұрғанын, жастар үшін спорттық ұйымдар көптеп салынғанын көргенін айтты. Елімізде де дәл сондай жағдай жасалуын қалайтынын білдіріп, азаматтарды прогрессивті бастаманы қолдауға шақырды.Қорытынды сөз алған партиямыздың ардагері Сауранбек Таңатбаев болашақты баянды ететін жобаларды халқымен санаса отырып іске асырып жатқан Мемлекет басшысы ұстанған саясатқа ризашылығын білдірді. Бәріне бірдей мүмкіндік беретін нағыз әділ қоғам тіктеліп жатқанын айтты. Ауызбіршілігімізді сақтай білсек, тұрақтылығымызға кепіл болсақ, біз алмайтын асу жоқ екенін айтқан қария, барлық азаматтарды бірлігімізді сақтауға, оны аялап қорғауға шақырды.Сонымен бірге,  АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб өкілдері Н.Әбшов, З. Қамбарова, Е.Бекет, Б.Муталиев Шардара ауданында болып, №16 колледж ұжымымен, «Хамит» балық өңдеу зауытының қызметкерлерімен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.Кездесу барысында штаб мүшелері АЭС салудағы ең маңызды мәселе – еліміздің энергетикалық әлеуетін қамтамасыз ету екенін жеткізді. Сондай-ақ, олар бүгінгі күні мемлекетімізде электр қуатының тапшылығы сезіліп жатқанын тілге тиек етіп, ал электр энергиясына деген қажеттілік жылдан-жылға өспесе, кемімейтінін түсіндірді.”Атом электр станциялары қоршаған ортаны түтін газдары, күл, мұнай өнімдері бар ағынды сулар сияқты заттармен ластамайды. Әлемнің әртүрлі елдеріндегі атом электр станцияларын пайдаланудың көп жылғы тәжірибесі олардың адамдарға және табиғатқа зиянын тигізбейтінін растайды. Ғалымдар ірі жылу электр станциясы аймағындағы жеке сәулелену дозалары атом электр станциясының жанындағы ұқсас дозадан 5-10 есе артық екенін эксперименталды түрде анықтады. Сондықтан ядролық энергия «жасыл» деп танылды. Бұл энергия көзі жаңартылатын энергия көздерімен салыстырғанда ең экологиялық таза болып табылады»,-деп атап өтті, штаб өкілдерін бастап барған облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әлмаханұлы.Сонымен қатар, басқосуда штаб өкілдері де мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында атап өткен АЭС құрылысын салу жөніндегі бастамасын қолдап, атом электр станциясының тиімді тұстарына тоқталды. Өз кезегінде кәсіпорын жұмысшылары мен колледж ұжымы өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды. Елімізде 6 қазан күні өтетін референдумда дұрыс таңдау жасайтындықтарын жеткізді.  

Қатысты жаңалықтар

3 күн бойы тек «Доширакпен» тамақтанған блогер желіні шулатты

azatmedia

ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР КҮНІНЕ ОРАЙ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН САЙЫС ӨТТІ

azatmedia

ТҮРКІСТАН: ГАЗ ҚҰЮ БЕКЕТТЕРІНДЕ ТҰРМЫСТЫҚ ГАЗ БАЛЛОНДЫ ТОЛТЫРУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ

azatmedia