Қоғам

ҚАРТТЫҚТЫҢ ДА ЖАУАПКЕРШІЛІГІ БАР

«Қарттықтың да жауапкершілігі бар» дейді жетпіс жастағы Тілеулес Байтілеуова апа. Әрине, қоғам болған соң әрбір буын өкілдерінің қоғамға берері де, алары да болатынын жақсы түсінеміз. Алайда, балалық шағы еңбек майданында өткен қарттарымыздың арасында «мен қартайдым» деп қол қусырып отыратын көнекөздеріміз некенсаяқ болса керек-ті. Осындай сүйегі асыл, жүрегі елі үшін жаралған ақ жаулықты аналарымыздың бірі Қазыбек би ауылдық округіне қарасты Әлкен Оспанов ауылында тұратын Тілеулес Мыңбайқызы Байтілеуова.1953 жылы Арыс қаласы, Ленинский өңірі, 42-разьезде дүниеге келген Тілеулес апа бар саналы ғұмырын еңбекке ар­на­ған жан. 1971 жылы Әліби Жан­гельдин атындағы орта мектепті бітірген соң білімге құштар жас қыз Жетісай қаласындағы Мә­де­ни ағарту техникумының кітап­хана бөліміне оқуға түсіп, 1973 жылы бітірді. Қолына диплом алған соң туған жерге барып кітапханашы болып мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Тағдырдың жазуымен 1974 жылы Жетісайдың дәм-тұзы қай­та бұйырып, бұрынғы Калинин кеңшары, қазіргі Қазыбек би ауылдық округі, Ә.Оспанов ауы­лының сері жігіті Әшір Нұрым­бе­товпен көңіл қосып, жас отаудың іргесін бірге қалады. Өмірдің ыстық-суығын бірге еңсерген жас отауда 6 қыз, 4 ұл бала дүниеге келіп, әулеттің керегесі кеңею үстінде болды. Әшір ағамыз кеңшардың механи­за­то­ры, ал Тілеулес апа да кең­шар­дың бесінші бөлімшесінде өзінің сүйікті мамандығы кітапханашы болып жұмысын жалғастырды. – Қолымыздан келгенше ел қатарлы өмір сүруге тырысып бақтық. Бұл өмір жалқаулық пен кертартпалықты көтермейді. Ол қасиеттерді жеңетін бір ғана жол-еңбек. Адам өзін еңбекпен жұ­батқанда ғана небір ауырт­па­лық пен қайғы-күйзеліс оңай ұмы­ты­лады. Жетпіс жасқа келгенге дейін небір жағдайлар өзімнің де басымнан өтті. Жаратқанның жо­марттығын да, тағдырдың тар­шылығын да сезіндік. Кімге ба­рып шеріңді тарқатасың, ондай ауыртпалықтар әркімнің де ба­сында бар дүние. Сонда түсін­генім, тағдырға налып, бүк түсіп жатқанда жүректегі жараңды асқындырғаннан өзге ұтарың болмайды екен. Ал, жаның жа­бырқап тұрса да еңбекке ал­дан­саң одан артық жұбаныш бол­майды екен. Біреудің басыңды сипап айтқандағы жылы сөзі де еңбектен асқан ем емес екенін түсіндім. Ендігі жерде Жарат­қан­ға тек қана шүкір деп айтамын. Балаларымның барлығы да оқып, бір бастары екеу болып, маған немере-шөбере сүйгізуде. Қазір 24 не­ме­ре сүйіп, шөбе­ре­нің қолынан май жалап отырған жайымыз бар. Отағасы ауы­лы­мыздың абы­рой­лы ақсақал­да­рының бірі. Мен де келіндеріме бар білгенімді айтып, қо­лы­мыз­дан келгенше ұрпағымыздың береке-бірлігін, ынтымағы мен татулығын сақтауға тырысып келеміз. Қартаюдың да жауапкершілігі болады. Ауыл-аймағыңның, тіпті отбасыңның да ынтымағы осы біз-ардагерлердің арында. “Ақсақалы абыройлы болса – ауылында шу шықпайды” деп бекер айтылмаса керек-ті. Төрі­мізден көріміз жақын тұрғанда бізден кім ақыл сұрар дейсің деген жаңсақ пікір. Қартаю табиғаттың заңы. Ешбір әлемнің кереметі адам жаратылысына қарсы тұра алмайды. Алайда, қартаюмен бірге ақыл-парасат арттырған өмірден көрген тәжірибесі мол қазына екенімізді де ұмытпаған жөн. Адам көрге кіргенше бұл өмірде атқаратын парызы болады екен. Ардагер­лердің парызы – еліміздің бола­шағы жастарды дұрыс жолда тәрбиелеп, дұрыс бағыт-бағдар беру»,-деді көпті көрген “Батыр ана”. Осындай салмақты ұста­ны­мы бар Тілеулес апа қазіргі таң­да Қазыбек би ауылдық округі әжелер алқасы қоғамдық ұйы­мы­ның белді мүшесі, төрайым­ның орынбасары. Қаншама игі шаралардың бел ортасынан та­была білетін, ұлттық салт-дәстүрімізге берік, ұлттық құн­дылықтарды жастарға дәріп­теу­ді міндетім деп білетін Тілеулес ананы 1 қазан – халықаралық қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтап, отбасына амандық, абыройлы қарттық пен денсаулық тілейміз. Бергенінен берерім көп деп есептейтін ананың ел-жұртына тілеген барлық дұғалары қабыл болсын!

Э.ИНЯТҚЫЗЫ.

Қатысты жаңалықтар

Масылдық көзқарастан арылсақ

azatmedia

Еңбек етсең еленерсің

azatmedia

ШЫМКЕНТ: СУ АЙДЫНДАРЫНДА ОҚЫС ОҚИҒА ТІРКЕЛМЕГЕН

azatmedia